377,04 415,79 5,92

+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Аттестаттаудан өткен барлық санаттағы педагогтер қыркүйектен бастап үстемақы алады

  • 155
  • UPD: 16:57, 10.02.2020
<span class=favorites>Аттестаттаудан өткен барлық санаттағы педагогтер қыркүйектен бастап үстемақы алады</span> tengrinews.kz

2020 жылдың қаңтар айынан бастап «Педагог мәртебесі туралы» Заң күшіне енді.

Заңда ұстаздардың еңбекақысын көтеру, педагогтің кәсіби құзыретіне кірмейтін міндеттер жүктегені үшін айыппұл салу, тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу сынды жеңілдіктер мен қолдаулар қарастырылған. PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында ҚР білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова білім мен ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілгенін және сол құжат бойынша білім саласына 11,5 трлн теңге қарастырылғанын атап өтті.

 – Жаңа Заңның нормалары қазақстандық педагогтар үшін қандай өзгерістер әкеледі? Педагог мәртебесі туралы Заңның мұғалімдердің мәртебесін көтеруде маңызы қандай болмақ? 

– Біріншіден, қабылданған Заң педагогтің қоғамдағы биік мәртебесін айқындап берді. Екіншіден, оның құқықтарын, әлеуметтік кепілдіктері мен шектеулерін, міндеттемелері мен жауапкершілігін белгіледі. Заңда «педагог» түсінігі берілді. Заң нормалары мектепке дейінгі, орта, кәсіптік және техникалық білім беру, қосымша білім беру, мамандандырылған, арнайы білім беру ұйымдарының, әдістемелік кабинеттердің педагогтеріне қатысты талаптарды қамтиды.

– Заңда педагогикалық этика мәселесінде қандай жаңашылдықтар қарастырылған және бұл мұғалімдердің жұмысына қалай әсер етеді?

– Педагогикалық этика – барлық білім саласы қызметкерлері үшін өте қажетті норма. Педагогикалық әдеп нормасы бұған дейін де болды. Ал аталған Заң шеңберінде педагогикалық әдеп кеңесі әрбір білім мекемесінде құрылатын болады. Бұл – ұстаздың құқығын қорғауға бағытталған алқалы орган. Алдағы уақыта осы алқалы кеңестің тәртібін реттейтін заңнан төменгі бұйрық қабылданады.

– Заң баптарының бірі мұғалімдерді материалдық ынталандыруға арналған. 2020 жылдан бастап мұғалімдер қандай төлемдер мен жеңілдіктер ала алады? Әлеуметтік кепілдіктер барлық санаттағы педагогтер үшін қарастырылған ба?

– Өздеріңізге белгілі, биылғы педагог қызметкерлердің республикалық тамыз кеңесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдердің жалақысын алдағы төрт жылда екі есеге өсіруді тапсырды. Осыған байланысты 2020 жылдың қаңтар айынан бастап барлық педагогтің еңбекақысы 25%-ға көбейтілді. Сондай-ақ алдағы оқу жылының 1 қыркүйегінен бастап тәлімгерлік үшін 10 АЕК көлемінде қосымша үстемақы төленетін болады. Бұдан өзге Заң аясында магистр дәрежесі үшін де қосымша ақы төлеу қарастырылған. Бүгінгі күні білім беру мекемелерінде 7000-нан аса магистр дәрежесі бар маман жұмыс істеуде. Тәлімгерлік және магистр дәрежесіне қосылатын үстемақы ай сайын төленетін әлеуметтік кепілдіктер қатарына жатады. Бұл – педагог мамандардың әлеуетін арттыруға бағытталған шара. 

Айта кететін жайт, әлеуметтік кепілдіктер қатарында педагог дәрежесіне теңестірілген тұлғалардың барлығының да еңбек демалысының кезеңі 56 күнге ұзартылды. Бұл 100 мыңнан аса педагогті қамтиды. Осыған дейінгі уақытта балабақшаларда немесе қосымша білім беру мекемелерінде жұмыс істейтін педагогтердің еңбек демалысы 42 күнді құраса, қазір мектеп мұғалімдерінің демалыс күнімен теңестіріліп, 56 күн болып белгіленді. Сонымен қатар еңбек демалысына шықан кезде төленетін бір лауазымдық жалақы көлеміндегі сауықтыру жәрдемақысы сақталады.

Сонымен қатар ұстаздардың дәптер тексеруі мен сынып жетекшілігі үшін төленетін ақыны екі есе өсіру қарастырылған. Бұл алдымыздағы жаңа оқу жылынан бастап төленетін болады.

– Педагогтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселесінде өзгерістер бола ма? Оларға тұрғын үйді жеңілдікпен алу мүмкіндігі беріле ме?

– Әрине, мүмкіндік бар. ҚР заңнамаларында көрсетілген тәртіпте қызметтік үй алу, жатақханалардан орын беру қарастырылған. 

– Ауылдық елді мекендерде қызмет ететін педагогтерге заң аясында қандай әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған?

– Ауылдық жерде тұратын және жұмыс істейтін педагогке жергілікті өкілді органдардың шешімі бойынша педагогикалық қызметті қала жағдайында жүзеге асыратын педагогтердің ставкасымен салыстырғанда 25%-дан кем емес көлемдегі жалақы мен тарифтік мөлшерлеме қарастырылған. Бұл ауылдық білім мекемелерінде қызмет ететін барлық педагог мамандарға қатысты. «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында да педагогтер қажетті әлеуметтік кепілдіктермен қамтамасыз етіледі. Биылғы оқу жылының өзінде он мыңнан аса жас маман жұмысқа орналасты. Осы категориядағы мұғалімдер үшін бұл Үкімет тарапынан беріліп отырған қолдау. 

Сұхбаттың толық нұсқасын мына сілтемеден оқи аласыздар.

Хабар 24 телеарнасы