433,15 516.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өзбек студенттері еліне жаппай қайтып жатыр

  • 964
  • UPD: 16:12, 14.02.2020

Өзбек студенттері Қазақстаннан елдеріне жаппай қайтып жатыр. Себебі көрші ағайын азаматтарына өзбекстандық университеттерге түсудің оңай амалы ұсынылған екен. Ташкенттегі тілшіміз Жасын Біркенов өзбекстандықтарға қазақстандық жоғарғы оқу орындары несімен жақпағанын анықтап қайтты.

«Өзбекстан билігі студенттерін Қазақстаннан қайтарып жатыр» деп, кеше кейбір журналистер жарыса жазып, арзан сенсация қуған секілді. Қайта олар жырақта оқып жүрген жерлестеріне елге оралып, университетке емтихан тапсырмай түсуге мүмкіндік жасап отыр. 

Фархад Бабашев, білім министрлігінің ақпараттық қызметінің жетекшісі:

- Оларға мүмкіндік беріп отырмыз. Өзбекстанда олардың қалауы бойынша оқуды жалғастыруға. БАҚ-та шығып жатқан Өзбекстан студенттерін шақырып алып жатыр деген рас емес. Бұл мәжбүрлік емес. Бұл ықтияр. Қазақстанда, Қырғызстанда, басқа да елде оқуды жалғастырулары да мүмкін.

Асадбек Оринбаев, студент:

- Алуға барған адам көп. Өте көп. Таңғы 3-те бардық. 39-40-болып кезекке жазылдық. Азанда көбейіп кетті. 300-400 адам болып кетті.

Өзбек елін елең еткізген елеулі жаңалықты естіген Асадбек Оринбаев бөркін аспанға атып еді, «әттеген-айы» болмаса. Шымкентте оқып жүрген университеттен құжаттарын алуға қуанып барған студент жылап қайтты. Қазақстандық білім ошағы бауырлас елдің азаматын жіберуге құлықсыз.

Асадбек Оринбаев, студент:

- Біз барғанда үшінші курстарға берді. Екінші курстарға сессиясын жапқандарға беріп жатыр. Жаппағандар алмайды дейді. Ал бірінші курстар қайта берсін деп тұр.  

Қазір Қазақстанда 15 мыңдай өзбек жоғары білім алып жүр. Өйткені Өзбекстанда бәсеке мықты. Университеттегі бір орынға 30 адам түсуге дәмелі.

Асадбек Оринбаев, студент:

- Өзбекстанға ауысып жатқан себебім – өзім Қарақалпақстан Республикасынан боламын. Маған Шымкентке келіп, сыртта оқу қиын болып жатыр. Ақша жағынан да. Өзбекстан өз үйім. Университет те жақын. Шетке шығып, проблема болмайды. 

Бүгінде өмірін жаңа арнаға бұруға 5 мыңнан астам студент білек түріп дайын отыр. Алайда тиісті министрлік жол дорбасын асынып, университет ауыстыруға қамданып жүргендерді күндізгі бөлімде орын жоқ екенін ескертеді. Көрші елге оралғандар оқуын кешке жалғастырады. Ал құжаттарды қабылдау наурыздың 15-і аяқталады. 

Авторлары: Ж.Біркенов, Қ.Оспан

Хабар 24 телеарнасы