447,60 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қызылордада түрлі этнос балаларының арасында «Абай оқулары» ұйымдастырылды

  • 229
  • UPD: 14:52, 20.02.2020

Қызылорда мектептерінде Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай мәдени-танымдық шаралардың онкүндігі өтуде. Игі бастама аясында түрлі этнос балаларының арасында «Абай оқулары» байқауы ұйымдастырылды. Жүзі басқа болғанмен жүрегі бір, тілі басқа болғанмен тілегі бір 20-ға тарта өрен қазақ әдебиеті мен мәдениетіне деген ыстық ықыласты паш етті.

Байқауға қатысушылар бұл жолы тек Абайдың өлеңдерін оқып ғана қойған жоқ. Алдымен ғұлама ойшылдың өмір жолы мен шығармашылығына қатысты сауалдарға жауап берді. Абай әлеміне тереңірек бойлауды мұрат еткен шара аясындағы көрмемен танысты. Мұнда жас суретшілердің туындылары қойылған.

Үнді қызы Айшани Дататрея 12 жаста. Ол Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін тыңдағаннан кейін, өзге де өлеңдерін оқуға қызығушылығы артқан екен. Бүгінде Айшани Абайдың 20-ға тарта өлеңін жаттап алған.

Айшани Дататрея, оқушы:

- Көп адам дүниеге бой алдырған

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған

Өлді деуге сияма айтыңдаршы

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?

Абай оқуларына Айшанимен бірге қала мектептерінде білім алатын түрлі ұлыстың балалары да белсене қатысты. Бірі қара сөзін, бірі өміршең өлеңдерін оқып көрерменді тебірентті.

Рита Мұқашева, қалалық білім бөлімінің әдіскері:

- Негізгі талаптың бірі – байқаудың ережесіне сәйкес оқушылар тілді жатық меңгеруі керек, қазақ тілін жатық меңгерген болуы керек. Екіншіден өлеңді жатқа оқи білуі керек,мәнеріне жеткізіп оқу керек. Үшінші қойылатын талап оқушылар тек мәнерлеп оқып кетпей, мағынасына терең бойлап, Абайдың өлеңдерін терең түсіне білуі керек.

Злата Федорова, оқушы:

- Мен осындай үлкен іс-шараға өте қуаныштымын. Себебі қазақ тілі – мемлекеттік тіл. Ұлтым орыс болса да қазақ тілін ана тіліндей жақсы көремін.

Абай - ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, аудармашы, компазитор. Ұйымдастырушылар кемеңгер әлемін құраушы қырларын зерделеуге арналған танымдық шаралар әр-түрлі форматта, жыл көлемінде жүйелі түрде өтетін болады,-дейді. Осылайша жас ұрпақты тек мектеп бағдарламасының шеңберінде ғана емес, әлемдік деңгейдегі тұлғаның мұрасымен тереңірек таныстыра отырып, тәрбие мен білімнің тиімді тетіктеріне айналдыру көзделген.

Интершум: Желсіз түнде жарық ай...

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Қанат Еңсебаев

Хабар 24 телеарнасы