447,60 487,00 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ұлттық құндылыққа негізделген әдістеменің қазақша нұсқасы пайда болды

  • 168
  • UPD: 23:35, 04.03.2020
Ұлттық құндылыққа негізделген әдістеменің қазақша нұсқасы пайда болды

Воскобович кілемшесінің қазақша нұсқасы пайда болды. ТМД төңірегінде кеңінен қолданылатын әдістемені енді өзіміз жасаймыз. Отандық мамандар киіз бен матаны қолдана отырып, балалардың ой-өрісін, таным-түйсігін жан-жақты дамытуға боларына сенімді. Тіпті елордалық балабақшалардың бірі оны қолданысқа енгізіп те үлгірген.

Балалар арнайы кілемшеде қала мен ауылдың элементтерін екіге ажыратып жапсырып жатыр. Ал мына жерде ою-өрнектердің жартысын тауып, дұрыс орналастыру қажет. Өкінішке орай, қазіргі балалар осындай дүниелерді біле бермейді. Ал жаңа әдістеме ұлттық құндылықтарымызды жаңғыртып, оларды бала жастан танып өсуге көмектеседі дейді жоба авторы. 

Гүлзат Төлемісова, жоба авторы:

- Бұл жерде біз фетр материалын қолдандық. Өйткені ол көпке шыдайды. Өте ыңғайлы балалармен жұмыс жасағанға. Шетелдік әдістемелерді қазақша нақышқа алып келіп, жасап жатырмыз. 

Гүлзат Әлімжанқызы бұл жоба жайында біраздан бері ойлап жүрген. Бірақ, іске асыру мүмкіндігі енді ғана пайда болды дейді. Соның арқасында балалар ұлттық құндылықтарымызды жақсы тани бастады. Бұған қоса, жұмсақ материал қолдың ептелігін және ойдың жүйріктігін шыңдауға керемет көмектеседі екен. 

Аслан Қаженов, тілші:

- Мынау Воскбович есімді аса мақтаулы маманның кілемшесі дәл қазір менің сол жағымда орналасқан. Қазір бұны Қазақстан, Ресей, жалпы ТМД төңірегінде кеңінен қолданады. Жарнамасы да ұрып тұр. Бағасы да арзан емес дегендей. Ал отандық мамандар оны өзіміздің киізден жасалған және ұлттық менталитетімізге негізделген қарапайым үлгісімен алмастыруды ұсынады. Былай қарағанда үлкен айырмашылығы жоқ. Бірақ қазақ балалары үшін кейінгісінің пайдасы көл көсір екеніне сенімді. 

Балабақша ұжымы осындай әдіспен үлкенді-кішілі ондаған материал дайындаған. Енді оны күнделікті сабақта қолданып жүр және нәтиже бойынша шетелдік баламадан артық болмаса, кем емес дейді. Енді жоба авторы оны ресми түрде патенттеп, кеңінен қолданысқа енгізуді көздеп отыр. Өйткені, қазіргі жаһандану дәуірінде бүлдіршіндердің жат тәрбиеге жұтылып кетпеуі аса маңызды. Бұл тұрғыда осындай әдістемелердің берері көп дейді мамандар. 

Авторлары: Аслан Қаженов, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы