412,24 465,50 5.83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматылық мектептер қашықтан оқуға дайындықтарын пысықтауда

  • 270
  • UPD: 11:09, 03.04.2020

Карантин кезінде қашықтан оқытуды қамтамасыз ету мақсатында Алматы қаласының мектептеріндегі компьютер және ноутбуктар мұғалімдер мен оқушыларға уақытша пайдалануға беріледі.

Бұл туралы қалалық Білім басқармасының басшысы хабарлады. Алматы мектептерінің төртінші тоқсанға дайындығы қалай?

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Алматыда 276 мыңға жуық оқушы білім алады. Тоғызыншы сыныпқа дейінгі балалар 8:30-да оқыса, жоғарғы сыныптар сағат 14:00-де оқиды. Мектеп формасын кию міндетті емес. Бірақ таза болулары керек. Қалада 17 мыңға жуық мұғалім бар. Мүлдем компьютері жоқ отбасылар мен ұстаздарға техникалық жағынан көмек көрсетіледі.

Ләззат Жылқыбаева, қалалық білім басқармасының басшысы:

- Оқушылар мен мұғалімдерге мектептердегі 10 мыңнан аса ноутбуктар мен компьютер уақытша қолданылуға берілді. Үш мыңнан астам оқушы компьютерлік құрылғылармен қосымша мемлекеттік бюджет есебінен сатып алу есебінен қамтамасыз етілетін болады.

Қалада 4 және одан да көп бала оқытып отырған бір жарым мыңдай отбасы бар екен. Үйіндегі жалғыз компьютерге қарап қалмау үшін оларға қосымша бір ноутбуктан берілетін болды. Бұл көмек демеушілердің қолдауымен жасалады.

Ләззат Жылқыбаева, қалалық білім басқармасының басшысы:

- Ұялы байланыс операторлары арқылы 700-ден астам интернет желісіне қосылмаған ұстаздар және де 4 мыңнан астам отбасы тегін интернетпен қамтамасыз етілетін болады.

Ұлан Нарынбек, тілші:

- Екінші бағыты – ол телеарналар арқылы оқыту. Balapan және «Ел арнадан» аптасына бес күн телевизиялық сабақтар көрсетіледі.

Бұл – Алматыдағы IT компанияның бірі жасаған Pyvela қосымшаcы. Оның көмегімен түлектер Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындала алады. Мұнда барлық сабақтардан 45 мың сұрақ бар. Тапсырмалар қазақ және орыс тілінде. Онлайн тесті кез келген оқушы компьютер немесе смартфон арқылы тапсырса болады.

Әділ Сүлеймен, қосымшаны жасаған компанияның жетекшісі:

- Қолданыстағы қазіргі жүйелер тек қана тестің нәтижесін айтады. Сонымен бітті. Ал біздің тест жүйеміз қандай сұраққа қате жауап бергенін көрсетеді. Бұл өте құнды мәлімет. Осы ақпараттан кейін оқушы өзінің қай тақырыпта әлсіз екенін біледі. Сол салаға көңіл бөліп, өз бетінше немесе мұғалімнің көмегімен білімін жетілдіреді. Біздің онлайн тест жүйеміз ҰБТ-ға қысқа мерзімде тиімді дайындалуға көмектеседі.

Алтыншы сәуірге санаулы ғана күн қалды. Алматылық мектептер қазір қашықтықтан оқуға дайындықтарын пысықтауда. Онлайн сынақ сабақтары мен ата-аналардың жиналысын өткізіп көрді. Ал ертең сынып сағаттары жүргізіледі.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Кенже Амраев

Хабар 24 телеарнасы