423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Телевизиялық сабақтарды тексеру жұмыстары үш есе артық жүргізілетін болды

  • 563
  • UPD: 17:09, 17.04.2020
Телевизиялық сабақтарды тексеру жұмыстары үш есе артық жүргізілетін болды

Телевизиялық 700-ден астам сабақтың ішінде 2 сабақтан қателік кеткен.

Бұл туралы ҚР білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.

«Қашықтан оқыту барлығымызға бір мезетте келді. Әрине оған мұғалімдер де, мектептер де дайын болмады. Сол орайда мұғалімдердің қобалжуы да байқалды. Бүгінгі күні 700-ден астам сабақ 2 аптаның ішінде көрсетілді. Соның басым көпшілігі мұғалімдердің демалыс күндерінде түсірілді. Сондықтан арасында жіберілген қателер үшін барлық қоғамнан, біріншіден, ата-аналардан, балалардан кешірім сұраймыз», - деді ол.

Айтуынша, бұл сабақтар бірден барлық арналардан алынып тасталып, қайта түсірілген.

«Барлық телевизиялық сабақтардың күнделікті қолжетімді тұратын YouTube арналарында сабақтардың жаңа түсірілімдері орналастырылды. Ары қалай осы жұмыстарды тексеруді күшейтіп, мұндай қателіктерді болдырмаудың барлық шаралары іске асырылуда», - деді вице-министр.  

Сонымен қатар телевизиялық сабақтарды кімдердің дайындайтынын және қандай тексерістен өтетінін айтып өтті.

«Бұл сабақтарды мұғалімдердің өздері дайындайды. Мұғалім сабаққа бармас бұрын күнделікті сабақ жоспары болады. Сол сабақ жоспарын әр мұғалім өзі жасайды. Телевизиялық сабақтарды түсірем деген мұғалімдердің ішінде осындай жұмыс жүргізіледі. Одан кейін Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық академия ол сабақтардың мазмұнын қарап, оларды эфирге жібермес бұрын әдіскерлер де сабақтармен жұмыс істейді. Жіберілген қателіктер ескеріліп, бұл сабақтарды тескеру үш есе артық жүргізілетін болды», - деді Ш.Каринова.

Хабар 24 телеарнасы