422.87 509.00 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Алматыда 9 мыңнан астам мектеп бітіруші ҰБТ тапсырады

  • 398
  • UPD: 23:16, 15.05.2020

Биыл тоғыз мыңнан аса алматылық мектеп бітіруші Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Сынақ бұрынғыдай қаладағы сегіз жоғары оқу орнында өтеді.

Әрине, санитарлық ережелер қатаң сақталады. Биыл білім сынағын өткізуде бірқатар өзгерістер бар.

Биыл мектеп бітіруші түлектер үшін де үлкен сын болып тұр. Карантин тәртібіне байланысты қашықтан оқуға көшу 11 сынып оқушылары үшін қиындықты екі еселеді.

Фатима Алиакбарова, №148 мектеп-гимназия директоры:

– Қашықтан оқыту кезеңінде 11 сынып үшін әрине оңай болған жоқ. Себебі олар өздерінің оқу бағдарламаларымен қатар Ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындық жұмыстарын қоса жүргізді. Бұл дайындық жұмыстары біздің ұстаздардың ұйымдастыруымен қосымша сағаттардың онлайн түрінде өтуімен жүргізілді.

Бір айта кетерлігі, биыл сынақ емтихандары бітірушілер үшін тегін болды. Олар бірнеше сайт арқылы ҰБТ сұрақтарына дайындалуға мүмкіндік алды. Тест тапсыруға өтініш онлайн қабылданған болатын. Енді қажетті құжаттарды электронды нұсқада тапсыра алады.

Қайрат Жұманов, қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары:

– ҰБТ сертификаттары электрон форматта беріледі. Сондай-ақ биыл медициналық анықтаманың да электрон нұсқасы қабылданады. Бітірушілер Ұлттық тестілеу орталығының сайтынан тегін сынақтар тапсырып, дайындалды. Онда тест сұрақтарының 70 нұсқасы енгізілген.

Нұрайлым Жанова, 11-сынып оқушысы:

– Менің таңдау пәндерім, математика және география. Оларға дайындалуға маған онлайн порталдар, интернеттегі материалдар, Ұлттық тестілеу орталығының сайты өте үлкен көмек көрсетіп жатыр.

Жауапты сынақтың өтуіне бір айдан аса уақыт қалды. Жиырмасыншы маусымда қаладағы сегіз жоғары оқу орны ашылып, талапкерлер бесінші шілдеге дейін сынақ тапсырады.

Қайрат Жұманов, қалалық білім басқармасы басшысының орынбасары:

– Ұлттық бірыңғай тестілу әдеттегідей өтеді. Әрине, барлық санитарлық-эпидемиологиялық талап сақталады. Бірінші кезекте арақашықтық ескеріледі. Егер бұрын аудиториядағы талапкерлер саны 100-ден асса, биыл бұлай болмайды. Орын саны айтарлықтай шектеледі.

Сондай-ақ, Ұлттық бірыңғай тестілеу барысы тек бейнекамералар арқылы бақыланады. Аудиторияда талапкерлерден өзге ешкім болмайды. Бейнежазбалар 25 тамызға дейін сарапталып, ереже бұзған талапкерлердің нәтижелері жойылады, деді білім басқармасының өкілдері.

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Ерлан Шалбаев

Хабар 24 телеарнасы