411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Балаларға сабақ енді қашықтан жүргізіледі деген әңгіменің еш негізі жоқ – ҚР БҒМ

  • 763
  • UPD: 22:02, 20.05.2020

Қашықтан оқыту мектептегі дәстүрлі білім беру процесін алмастыра алмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Балаларға сабақ енді қашықтан жүргізіледі деген әңгіменің еш негізі жоқ. Бұл туралы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлімдеді.

Күнделікті өмір ағымына өзгеріс енгізген індет мұғалімдер жұмысын қиындатпаса, жеңілдеткен жоқ. Тәжірибе көрсеткендей, белгілі бір пән бойынша қашықтан оқыту үшін де арнайы машық қажет. Бұған педагогтарды даярлықтан өткізген кезде мән берілетін болады деді білім және ғылым министрі. Соңғы қоңырау соғылатын дәстүрлі мерекеге бес күн қалды. Карантинге байланысты, биыл оқушылар оны онлайн режимде ғана атап өтпек. Десе де, мектеп түлектері аттестат алу рәсіміне қатысатын болады. Ол маусымның 3 мен 4-і аралығында ұйымдастырылады. 

Асхат Аймағамбетов, ҚР білім және ғылым министрі:

– Белгілі бір шектеулердің болатынын белгілі. Санитарлық ережені сақтау қатаң талап етіледі. Аттестат тапсыру рәсімі далада, адамдар арасындағы қашықтықты сақтай отырып өткізіледі. Мұғалімдер мен оқушылар бетперде тағуы тиіс. Оған қоса шақырылатын адамдар саны шектеулі болмақ. Бір отбасыдан бір адам ғана қатыса алады.

Айта кетерлігі, аталған санитарлық талаптар ұлттық бірыңғай тестілеу кезінде де сақталады. Ал оқуға түсу үшін құжаттарды электронды жүйе арқылы тапсырса жеткілікті. Ведомствоның көп жылғы жұмысы нәтижесінде, бұл үрдісті толықтай автоматтандыру мүмкіндігі бар. Яғни бұдан былай, оқудың қай түрі болмасын, бума қағазды құшақтап, білім мекемелеріне бармаса да болады.

Асхат Аймағамбетов, ҚР білім және ғылым министрі:

– Қазіргі уақытта біз бұл процедураны электронды форматта автоматтандырылған түрде өткізетін болдық. Мысалы, бірінші сыныпқа қабылдау болса да, балабақшаға қабылдау рәсімі болса да, колледждер мен ЖОО-на құжат тапсыру болсын, біз қазір толығымен электронды үкімет көмегімен, EGOV.kz сайтынан бұл қызметті алуға барлық мүмкіндік бар.

Цифрландырудың көмегімен білім саласындағы кей жұмыс жеңілдейді. Дегенмен оқыту үрдісінде бұл тек қосымша әдіс-амал ретінде қолданылуы тиіс. Өйткені қашықтан оқыту кімді болсын қажытып жібереді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР білім және ғылым министрі:

– Қашықтан оқыту заман талабы екенін жақсы түсінеміз. Жағдайына байланысты үйден оқитын балалар, немесе ауылды жердегі оқушылар қыс мезгілінде мектепке жете алмаған жағдайда қашықтан оқыту әдісін қолдануға болады. Бұл қажет болған кезде ғана қолданылатын амал. Ал бірінші қыркүйектен бастап толығымен қашықтан оқытуға көшеміз деген жаңсақ пікір. Өйткені, ұстаздар да, министрлік те, оқушылардың өздері де мектепте оқудан артық тәсілдің жоғын жақсы түсінеді.

Министр дәстүрлі білім беруді ешқандай әдіс алмастыра алмайтынын жеткізді. Бұл карантин кезінде амалсыз қолға алынған уақытша шара. Індеттің беті қайтқан кезде оқушылар мектепке қайта оралады.    

Авторы: Бақыт Топтаева

Хабар 24 телеарнасы