411,54 452,40 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қашықтан оқыту қаншалықты тиімді – ұстаз пікірі

  • 116
  • UPD: 12:35, 22.05.2020

Кезекті оқу жылы да аяғына жетті, деп хабарлайды «Хабар 24».

Төртінші тоқсанды толықтай үйден оқып шыққан оқушылардың білімі әділ бағалана ма? Қашықтан оқытудың тәжірибесіне ұстаздар мен ата-аналар қауымы қандай баға береді?

Марфуға Дүйсембекова – 40 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз. Елордадағы мектеп-лицейдің бірінде химиядан сабақ береді. Жоғары сынып оқушыларына қашықтан дәріс беру мұғалімге оңайға соқпаған. Сабақ жоспарын алдын ала даярлап, серверге жүктеуді үйрену үшін біраз уақытын сарп етті.

Марфуға Дүйсембекова, химия пәнінің мұғалімі:

– Үйде қызым бар. Сол көп көмектесті, соның арқасында көп нәрсе үйрендім деп ойлаймын. Бірақ сабақ құру барысында өте көп уақыт кетті. Өйткені, кино түсіргендей оның бәрін дайындау керек, презентация жасау керек. 40 минуттық сабақты 20 минутта үлгеру керек. Ең маңыздысын, ең керегін айту керек, балаға өте қиын.

200-ден астам оқушымен кері байланыс орнату қиын дейді ұстаз. Қай баланың материалды игергенін, қай балаға қайталап түсіндіру қажеттігін көзбен көріп, бағамдауға мүмкіндік жоқ. Арада білім сапасы нашарламаса, артпайтынын Мәжіліс депутаты Ирина Смирнова да мойындап отыр.

Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Төртінші тоқсанда өткен тақырыптар бойынша қайталау жүргізу керек болады. Қыркүйек айында балалар мектепке оралған жағдайда, жыл аяғында толыққанды игерілмеген материалдарды қайталағаны жөн. Дәл осы себептен, қазір ұлттық бірыңғай тестілеуде 11-сыныптың төртінші тоқсанында оқытылатын тақырыптар бойынша сұрақтар алынып жатыр. 

Тәжірибе көрсеткендей, барлығына бір мезетте дайын болу мүмкін емес. Дегенмен карантин қашықтан оқыту жүйесін жетілдіру жолында кешенді шараларды қолға алуға түрткі болды. Бүгінде оқыту әдістемесі мен ұстаздардың IT дағдыларын жетілдіру көзделіп отыр. Бұл жөнінде білім және ғылым министрі бөліскен еді.

Асхат Аймағамбетов, ҚР білім және ғылым министрі:

– Технологиялық тұрғыдан дағдыландыру бойынша арнайы модуль әзірленіп жатыр. Ол мұғалімдердің біліктілігін арттыру курсына енгізіледі. Бұл бір. Екіншіден, ЖОО-дағы педагогтарды дайындау бағдарламасына қашықтан оқытудың міндеттелген модулі кіретін болады.

Осылайша, коронавирус пандемиясы білім берудің дәстүрлі бағдарламасына өзгерістер енгізуге алғышарт жасады. Білім тез ескіреді. Сол себептен, біліктілікті күнделікті арттыру өзектілігін жоғалтпайтын мәселе боп қала бермек.

Авторлары: Ерлан Наурызбаев, Ербол Дайыров

Хабар 24 телеарнасы