418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Пандемия жағдайындағы соңғы қоңырау: қостанайлық түлектер бұл күнді қалай қарсы алды

  • 235
  • UPD: 09:38, 25.05.2020

Биыл Қостанай облысында 4 мыңнан аса түлек ересек өмірге қадам басады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Кейбір оқушылар мектеп бітіру кешінің болмайтынына өкінсе, өзгелері керісінше Ұлттық бірыңғай тестілеуге тыңғылықты дайындалуға уақыт болатынына риза. Биыл аймақтағы үш мыңдай оқушы мемлекеттік емтихан тапсыруға өтініш білдіріпті.

Сана Қаражанова мектеп бітіру кешіне жыл басында тыңғылықты дайындала бастаған. Өзін сол кеште ең әдемі боп сезінуді армандап, сәнді көйлек те таңдап қойған. Енді бойжеткенге қымбат киім мен шаш сәндеу сияқты ұсақ-түйектерден үнемдеп, бас тартуға тура келеді. 

Сана Қаражанова, түлек:

- Көйлекті дүкеннен сатып алуды қаламадым. Алдын ала тапсырыс жасап тіктіруді ойладық. Бұл кезде карантиннің басталуына бір ай қалған. Наурыздағы каникул кезінде мата сатып алу үшін Өзбекстанға барып келеміз деген ойымыз болды. Амал жоқ. Жоспарымыз іске аспай қалды.

Сананың ата-анасы да қызы үшін ұмытылмас кеш сыйламақ ниетте болған. Ақпан айында мейрамханаға алдын ала төлем жасаған. Қазір бар ақшасы қайтарылған. Бірақ мектеппен қоштасу балының болмайтыны көпшілік ата-ананың көңілін түсірмеген сияқты. 

Әлия Қаражанова, қала тұрғыны:

- Бұған дейін соңғы қоңырау рәсімі мүлдем болмайды деп айтылған. Бірақ бұл шараның аттестат тапсырумен бірге өтеді деп айтылғанда қуанып қалдық. Рәсімге біз шақырылмаймыз. Мұғалімдерге ғана рұқсат.

Аттестат тапсыру рәсіміне туған-туыстар мен жақын достар да қатыса алмайды. Соңғы қоңырау әр бітіруші сынып үшін таза ауада бөлек соғылады. Оның өзінде 40 минуттан артық созылмайды. Бұдан бөлек, оқушылар жиында 1,5-2 метр арақашықтықты сақтауы тиіс.          

Айман Ыбыраева, қалалық білім бөлімінің басшысы:

- Егер мектепті 4 сынып аяқтайтын болса, сағат 10-ан бастап бірінші лек кіреді. Сөйтіп 20-30 минуттық үзіліс сайын қалған сыныптар үшін соңғы қоңырау соғылады. Үзіліс кезінде келесі сыныптың салтанатты жиынын өткізу үшін міндетті залалсыздандыру жұмыстары өткізіледі.

Пандемия жағдайында дәстүрлі мектеп вальсіне де тыйым салынды. Соңғы қоңырауда аниматорлардың және жалға алынатын көліктердің болмағаны, мерекелік дастархан жайылмағаны дұрыс. Ал 1-ден 10-сынып оқушылары мүлдем мерекелік шарасыз қалады. Олардың салтанатты жиыны бүгін онлайн-режимде өтіп жатыр.

Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы