423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Интернет игілігінен қағылған ауылдағы түлектердің ҰБТ-ға дайындығы қалай?

  • 436
  • UPD: 09:39, 25.05.2020

ҰБТ-ға бір айдай уақыт қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қашықтан оқу жүйесіне көшкен оқушылар бұл сынаққа қалай дайындалып жатыр? Интернет игілігінен қағылған ауылдағы мектеп бітіруші түлектердің жай күйі қалай?

Сымбат Қуанышбай жетінші сыныпта ұстаған сөмкесін бағанаға байлап қойған. Күн сайын келетін волонтерлер мұғалім берген парақтарды соған салып кетеді. Мектеп бітіруші түлек ұстаздарының тапсырмаларын орындау арқылы ҰБТ-ға дайындалып жатыр. Одан бөлек, өзге оқулықтарды ақтарып, өз бетінше ізденеді. Шаған атты шағын ауылдағы оқушылар интернет байланысы болмауынан осындай күй кешіп отыр. 

Сымбат Қуанышбай,11-сынып оқушысы:

– Интернет болса, ҰБТ-ға жүз процент дайын болар едім. Мен ғаламтор арқылы тест орталықтың ресми сайтына кіріп, 70 нұсқамен дайындалып, одан басқа да ресурстарды қолданып, өзіме қажет тапсырмаларды қарап, білмеген тақырыптарға интернеттің пайдасы көп тиер еді. Интернет жоқ болғандықтан қолым байлаулы.

Ал көршілес жатқан Қоғалы ауылына 5 жыл бұрын интернет желісі тартылған болатын. Содан бері оқушылар еш қиналмастан ғаламтордың бар мүмкіндігін пайдаланып келеді.  

Айша Сейсенбаева, 11-сынып оқушысы:

– Мен қазір екі күнде бір тест орталықтың 70 нұсқасын тапсырамын. Әр тест сайын қатемен жұмыс істеймін. Қатемен жұмыс кезінде интернет желісін, кітаптарды қараймын. Қандай да бір күдік туындаса, ұстаздардан сұраймыз, теледирдардан да көре аламыз. Сол себепті ешқандай айырмашылық жоқ.

Күреңбелдік оқушылар Ұлттық бірыңғай тестті Сарыөзек орта мектебінде тапсырады. Бүгінгі күнге дейін олардың тізімі жасалып, отыратын аудиториясы анықталған. Енді ара қашықтық сақталатындай етіп парталарды қою және дезинфекциялық қондырғыларды орнату жұмысы қалды. Қауіпсіздік шараларының күшейтілгеніне байланысты ауданда тест екі күн бойы өтеді. Сәйкесінше алыс ауылдағы түлектерді тасымалдау жағы қарастырылған.    

Ермек Досалбаев, аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Ауданымыздың аумағы үлкен болғандықтан, Көксу округі мен Басши округіндегі балалар осы аудан орталығына келіп қонады. Тамағын, жатын орнын дайындап қойдық. 200 баланың 167-і ертеңгісін келеді. Оларға біз таңғы асын, түскі асын береміз.

Шынар Құмашева, ұлттық тестілеу орталығының сарыөзек ауылындағы филиалы басшысы:

– ҰБТ 20 маусым мен 5 шілде аралығында өтеді. ҰБТ-ға Кербұлақ ауданы бойынша 350 бала өтініш беріп отыр. Оның ішінде 14-і орыс тілінде, біреуі ағылшын тілінде, 335 бала қазақ тілінде тапсыруға өтініш берді.

Алматы облысында биыл 15 мыңнан аса оқушы мектеп бітіреді. Солардың 11500 ден астамы Ұлттық біріңғай тест тапсырып, өз мүмкіндігін сынап көрмек.

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов

Хабар 24 телеарнасы