405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда алдағы бес жылда 800 мектеп салынады

  • 188
  • UPD: 22:30, 01.06.2020

Бүгінде еліміздегі 7 400 мектепте 3 жарым миллионнан астам бала оқып жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың 70 проценті екі ауысымда, ал 200 мың бала үш ауысымдық мектепте білім алып келеді.

Бірыңғай бір ауысымға көшу үшін әлі 3 мыңдай мектеп керек.

Үш ауысымды мектептің 12-сі Ақтөбе облысында. Проблеманы шешу үшін осы күні жаңадан 20 білім ордасы бой көтеріп жатыр. Оның жетеуі облыс орталығында. Ал оқушылар саны шамадан тыс мектептерге қосымша ғимарат салынуда. Биыл білім күніне орай Ақтөбеде екеу, Ырғыз, Қарғалы, Темір аудандарында жаңадан бір-бір мектеп пайдалануға берілмек.

Алмагүл Толыбаева, облыстық білім басқармасының бөлім жетекшісі:

– Осы 2020 жылдан бастап үш ауысымдық мектептерді қаржыландыру тәртібі өзгерді. Республикалық бюджеттен жалпы сипаттағы трансферт есебінде 2020-2022 жылға барлығы 9,5 млрд теңге қаражат қарастырылған. 2022 жылға дейін жоспар жасақталып, қазір бізде мектептердің құрылыстары қарастырылған.

Елде 2025 жылға дейін 650 мың баланы қамтитындай жаңадан 800 мектеп салынады. Үш ауысымдық оқытуды жою үшін 11 мың орынға арналған 114 интернат пен 700-ден аса спорт зал бой көтермек.

Бұл бір. Сосын мұғалімдердің оқу жүктемесі деген және бір мәселе бар. Бір аптада бір ұстаз 18 сабақ беруге мәжбүр. Тіпті бұл жүктеме кей кезде бір жұмада 27-30 сабаққа дейін кетіп қалады. Басқа емес, бұл бас қаладағы жағдай.

Сапура Төлекова, Ә.Бөкейхан атындағы № 76 мектеп-лицейінің директоры:

– Жүктемені азайту уақыты 2021 жылдың 1 қыркүйегінен қарастырылған. Өйкені бұл үлкен көмек болады. Мұғалім қазір 300 мың айлық алу керек болса, ол шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеуге мәжбүр. Ал егер 16 сағат жүктемеге азаятын болса, мұғалімнің айлығы сол деңгейде сақталып, беретін сабақ саны азайса, мұғалім де шығармашылықпен айналысып, әрбір баланы жеке дамытуға мүмкіндік болар еді.

Ал вице-министр мұғаліммен бірге оқушының да жүктемесін жеңілдетеміз дейді. Баланы ыңғайына қарай бейімдеп оқытуға басымдық берілмек. 

Шолпан Каринова, ҚР білім және ғылым вице-министрі:

– Сағатқа түсірген кезде біз ата-ананың, одан кейін баланың нақты мүмкіншіліктерін ескеруіміз қажет. Өйткені бір бала математика бағытын тереңдетіп оқитын болса немесе келесі бала гуманитарлық пәндерді тереңдетіп оқитын болса, осыған байланысты осы пәндерді көбірек беру қарастырылған.

Директорды тағайындау ережесі де өзегермек. Мұны Президент ұлттық кеңестің үшінші отырысында міндеттеген еді. Қазір балабақша, мектеп, колледж басшыларын тағайындаудың жаңа тәртібі әзірлену үстінде. Көп ұсыныс айтылып жатыр. Соның бірі директорды тағайындамай, сайлау керек. 

Авторлары: Қорған Төреқожа, Талғатбек Әбдіқожа, Мансұр Есқожин, Нұрғали Мамырбаев

Хабар 24 телеарнасы