423.87 509.00 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорда облысының әкімдігі түлектерге 150 грант бөлді

  • 960
  • UPD: 23:52, 03.06.2020

Қызылорда облысының 260-тан астам мектебінде соңғы қоңырау соғылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Санитарлық талап пен арақашықтықты барынша сақтауға тырысқан сырбойылық 6059 оқушы салтанатты жағдайда алтын ұя білім ордасымен қоштасты. Енді түлектердің 80 %-і Ұлттық бірыңғай тестілеуге әзірлігін пысықтайды.

Толқыған жүректер, жанып тұрған үміттер. Толқынысын баса алмай тебіреніс үстіндегі түлектердің арманы асқақ, талабы таудай.

Аймақ бойынша мектепті биыл 548 бала алтын белгіге, 363 оқушы үздік аттестатпен бітіріп отыр. Барлығы 5172 түлек өңірлік 9 пунктте Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысады. Көп балалы отбасылардан шыққан және ерекше білімді қажет ететін балаларға облыс әкімінің арнайы гранты табысталады.

Ақзира Қасымова, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар және ерекше білімді қажет ететін 46 бала бар. Оның 43-і ҰБТ-ға қатысуы көзделіп отыр. Сонымен қатар ерекше білімді қажет ететін 57 баланың 15-і ҰБТ-ға қатысады. Облыс әкімінің гранты бойынша 150 грант бөлініп тұр.

Өңірдегі жалғыз мемлекеттік университет «Атамекен» отбасылық үлгідегі балалар ауылының 4 тәрбиеленушісіне тегін оқу сертификатын ұсынып отыр. Олар қалаған мамандықтары бойынша білім алады және 4 жыл бойы жатақхана, тегін ыстықпен қамтылады.

Аруна Дәуірова, «Атамекен» балалар ауылының тәрбиеленушісі:

- Мен ҰБТ-дан шекті балл алдым. Болашақта шығыстану мамандығының иесі болып, шет елдерге барып жұмыс жасағым келеді. Мені тәрбиелеген апай, ағайларға, анамның орнына болған Лиза, Айжан апайларға үлкен рахмет айтамыз.

Бейбіткүл Кәрімова, Қорқыт ата атындағы ҚМУ ректоры:

- Қазіргі таңда университетте осындай 38 бала білім алып жатыр. Енді осы 4 балаға биылғы оқу жылында университетке оқуға шақырып отырмыз. «Кітапбілім бұлағы» деп балаларға сый ретінде кітаптар ұсынып отырмыз.

Қалыптасқан эпидемиологиялық ахуалға байланысты түлектердің мерекелік дастархан жасап, автосеруенге шығуына тыйым салынды. Педагогикалық жасақтар мен полиция қызметкерлері дәмхана-мейрамханаларды қатаң бақылайды.

Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Айтмұхамбет Бәйділдаев

Хабар 24 телеарнасы