429,37 504,00 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Түркістан облысында 18,5 мың түлек ҰБТ тапсыруға өтініш берген

  • 348
  • UPD: 22:28, 21.06.2020

Бүгін Түркістан облысында 1306 түлек Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысты.

Олар облыстың әр ауданында орналасқан 9 тестілеу пунктінде сынақтан өтті. Ал Ордабасы ауданының орталығы Темірлан ауылындағы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназияда 109 түлек тест тапсырды.

Мектеп бітіруші түлектер үшін емтихан тапсыру – үлкен өмірге жасалатын алғашқы қадам. Сондықтан олар бүгін таңғы 7-ден бастап мектеп ауласына жиналды. Жүздерінен қуаныш пен қобалжу байқалады. Қауіпсіздік үшін арақашықтық сақтап, бір-бірден ішке енді. Мұнда санитарлық талаптар қатаң сақталған. Алдымен тестке қатысушылар дезинфекциялау дәлізінен, сосын аяқ киімге арналған кілемшеден өтуі тиіс. Антисептикпен қолын залалсыздандырып, дене қызуын тексертеді. Металл іздегіш құрылғыдан өткен соң, түлектерге жаңа бетперде мен бір реттік қолғап беріледі.

Бүгін облыс бойынша 1306 мектеп бітіруші түлек тест тапсырды. Оның 109-ы осы Шоқан Уәлиханов атындағы мектеп-гимназиясында. Әр аудаторияға 12 баладан бөлінген. Қауіпсіздік үшін сынақ тапсырушылар мен бақылаушылардан басқа бөгде адамдар кірмейді. Аудиториялардың барлығы бейнебақылау камераларымен жабдықталған. Биылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеуге тыйым салынған затпен кірген түлектерге қолданылатын жаза да күшейтілген. Сондықтан құзырлы орган қызметкерлері барлығын жіті тексереді.

Ғабит Жүндібаев, ҚР СЖҚІҚА Түркістан облыстық департаментінің басқарма басшысы:

– Ереже шыққан, ережеде ұялы телефон мен шпаргалкамен және басқа да  заттармен кіруге тыйым салынады. Ұсталып қалған жағдайда емтиханға мүлде кіргізілмейді. Акт толтырып, шығарылатын болады. Мұның барлығы алдын ала ата-аналар мен білім бөліміне ескертілген.

25 тамызға дейін Ұлттық бірыңғай тест тапсырған түлектердің бейнебақылау жазбаларына талдау жасалады. Заңбұзушылық анықталған жағдайда, ұтып алған білім грантының күші жойылады. Ал Айжан Мұхиддин алғашқылардың бірі болып 3 сағат отырып, сынақты сәтті тапсырып шыққанын айтады.

Айжан Мұхиддин, мектеп түлегі:

– Апай тапсырған тапсырмалардың бәрін дұрыс атқардым деп ойлаймын. Осы ҰБТ-дан өтіп, ата-анамның үмітін ақтаймын деп ойлаймын. Сұрақтар оңай болды. Сол өзім жаттаған сұрақтар келді.

Әйгерім Сырлыбай, облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының бас маманы:

– Облыс бойынша жалпы 15 ҰБТ орталығы бар. Оның біреуі – колледж, екіншісі – университет, он үші мектептердің базасында орналасқан. Бүгінгі күні облыс бойынша 9 тестілеу пунктінде тест өтіп жатыр. Облыстағы шалғай ауылдарда орналасқан оқушыларды тасымалдау ұйымдастырылған. Тасымалдау кезінде оқушылардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында көлік жүргізушілері де COVID-ке тест тапсырды.

Жалпы, биыл облыс бойынша 24 658 оқушы мектеп бітірсе, соның 18 мың 500-ге жуығы Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағын тапсыруға өтініш білдірген. Сынақ тапсырушылар үшін 189 аудитория дайындалып, 63 металл іздегіш құрал орнатылған. Сондай-ақ мемлекеттік комиссия отыратын кабинет пен тест тапсырмалары сақталатын бөлмеге де түгелдей камералар қойылған.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Хабар 24 телеарнасы