418,17 495,30 5.70
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы лицейіндегі жанжал бойынша тексеріс басталды

  • 171
  • UPD: 09:16, 01.07.2020

Алматыда №165 мамандандырылған лицейден шыққан дауды зерттеу үшін құрылған мониторингтік топ тексеру жұмысын бастады. Комиссия құрамында Білім басқармасының, «Дарын» орталығының және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің өкілі бар. Тексеруге бірқатар ата-аналардың қабылдау емтиханы әділ өтпеді деген арыз-шағымы себеп болып отыр.

Физика-математика бағытындағы №165 лицей бесінші сыныптан бастап қабылдайды. Биыл 750 бала өтініш беріпті. Емтихан 18 маусымда өткен. Сынақтан кейін «түскендердің», «резервтегілердің» және «өтпей қалғандардың» тізімі жарияланады. Дәл осы тізімге қатысты  шу шығып отыр. Өйткені аз ұпай жиған оқушылар кейін қабылданғандардың қатарына қосылыпты. 

Ялкунжан Әбдіқадыров, ата-ана:

- Нәтижелерді сайтқа шығарған кезде ата-аналар файлдарды өзінің компъютерлеріне файлдарына түсіріп тексерген. Біраз уақыттан кейін файлдар жаңаланды. Ноль, бір, екі, сондай нәтижелермен келген балалар жаңағы отыз балл алып қалған болып қалды. Түскеннің арасында пайда болып қалды. 

Лицейге 100-ге жуық бала қабылданды. Оның ішінде 44 оқушының аты-жөні «өтпей қалғандардың» тізімінде болған. Лицей директоры мұны техникалық ақаумен байланыстырып отыр.

Құралай Ошанова, №165 мамандандырылған лицей директоры:

- Өзім мойындаймын техникалық қателікпен кеткен жағдай. Публикация жасаған кезде сонда бір файлды дұрыс тіркеген жоқпыз. Сондықтан қайтып қатені ата-аналар звондап біз неге екі списоктамыз, баллдарымызды келіп тексереміз дегеннен кейін қайтып қарастырып түзедік.

Емтихан жазбаша болған. Қазір есімдері екі тізімде де кездесетін 44 оқушының есептері мұқият тексерілуде. Оған қаладағы жекеменшік білім орталығынан білікті математик тартылды. Тексерудің әділ өтуін екі ата-ана қадағалауда. Балалары түспей қалғандар емтиханды қайта өтуін сұрап отыр.

Ақмарал Айтуарова, қалалық білім басқармасы орта білім бөлімінің басшысы:

- Барлық өткізілген жұмыстардың нәтижелерін жойып қайтадан өткізуге мүмкіншілік жоқ. Біріншіден, мына қазіргі таңда эпидемиологиялық ситуацияға байланысты біз қайтадан ол конкурсты өткізуге мүмкіншілігіміз жоқ. Екінші жағынан, әр баланың жеке-жеке біз қазір тексеріс жүргізіп жатырмыз ғой нәтижесін әр бала бойынша шешім қабылданатын болады. 

Мониторингтік топтың мүшесі Ақмарал Айтуарованың айтуынша, емтихан нәтижесін зерттеуге үш күн кетеді. Ғарышкер Талғат Мұсабаев білім алған лицейге кімдердің қабылданатыны содан кейін ғана белгілі болады.

Авторлары: Ұлан Нарынбек, Радик Жақыпов

Хабар 24 телеарнасы