423,91 504.32 5.82
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Қашықтан оқу. Атыраудағы шағын ауданға интернет желісі тартылмаған

  • 596
  • UPD: 21:30, 03.08.2020

1 қыркүйек жақындап келеді. Ал қашықтан оқуға қаншалықты дайынбыз? Мысалы, алыс ауылдарды есепке алмағанда Атыраудағы «Самал-2» мөлтек ауданына ғаламтор желісі мүлде тартылмаған. Тұрғындар қанша арызданса да түйткілді түйіннің шешілер түрі жоқ.

Қашықтан оқыту жүйесінің көпшілікке тағы да оңай тимесі анық. Мұнайлы шаһардағы 700-ге жуық үйі бар «Самал-2» шағын ауданында әлі күнге дейін ғаламтор желісі жоқ. «Сабақтың басталар уақыты жақын. Ал балаларымыздың білім алауына жағдай жасалмаған» деп ата-аналар ашынып отыр. 

Жангелді Каримов, қала тұрғыны:

- Індетке байланысты 80 қызметкер үйден қызмет жасап жатыр. Балаларымыздың бәрі үйден оқып жатыр. Өте қиын болып тұр. Бәрі де қазір анау алтел дейід, билайн дейді, сол желілермен жұмыс жасап жатыр. Олардың скорость нашар. Және 3-4 бала оқытып отырған ата-аналар бар. 

Бұл мәселе осы маңда тұратын ұстаздарды да титықтатып біткен. Гүлжан Смағұлова қашықтан оқу жүйесі басталғалы бері өзінің де, өзгенің де баласын оқытуға мүмкіндіктің аз екенін айтады. Қолданушы көбейген сайын ғаламтордың жылдамдығы мүлдем нашарлайтын көрінеді. 

Гүлжан Смағұлова, қала тұрғыны:

- Қолымызда 4G анау алтел болғанмен де скорость өте аз. Телефонмен жалғыз мен өзім отырдым. Балаларыма берген жоқпын, мысалы. Балаларым сабақтан тыс қалып қойды десем де болады. Бұл жерде енді қалай айтсақ болады: болашағымызды білмсіз етіп өсіру ма деген ой туындайды. 

Жауаптылардың айтуынша, бұл шағын ауданға ғаламтор желісін тарту тек 2021 жылға жоспарланып отыр. Былтыр арызын алып барғандарға бұл мәселенің биыл шешілетіні айтылыпты. Барлығы, әрине, қаражатқа келіп тіреледі. Бұл түйткілді түйіннің тарқатылуы үшін 180 млн теңгеге жуық ақша керек. Қаржы табылған күннің өзінде орнату жұмыстары жарты жылға созылмақ. 

Нұрлан Мақұлов, облыстық жергілікті желілер техникалық торабының директоры:

- Қазіргі жағдайда бір ғана мүмкіншілік – 3 мобильдік оператор бар. Алтел-Теле2, Кселл, Картел, өздеріңізге белгілі Билайн. Қарап тұрсақ, бұл жерде 4 джимен қамтылған деп есептеледі. Дегенмен, жылдамдығы төмендеп отыр. 

Тұрғындар шағын ауданның бас ауруына айналған мәселенің тез шешілгенін тілеп отыр. Өйткені Абайдың өлеңін сәл өзгертсек: Интернетсіз оқып жүр талай қазақ баласы. 

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев, Жандос Рахметуллин

Хабар 24 телеарнасы