426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Кезекші сыныптарда сабақ қалай жүреді

  • 969
  • UPD: 21:36, 04.08.2020

Бастауыш сынып оқушыларының мектепке барып білім алуына болады.

Олар үшін кезекші сыныптар ашылады.

Бірден ескертейік. Баланы мектепке жіберу немесе үйден, яғни қашықтан оқыту туралы шешімді әр ата-ана өзі қабылдайды.

Бақыт Топтаева, тілші:

- Мектеп табалдырығын алғаш рет аттағалы жатқан баланы алда не күтіп тұр? Санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс ортада білім беру процесі қалай ұйымдастырылады? Міне осы сауалдарға жауап алу үшін елордадағы №76 мектеп-лицейіне келдік. Жаңа оқу жылына дайындығы қандай екен? Көрейік.

Бірінші сынып оқушыларын қабылдауға биыл ерекше назар аударылған. Оны мектептегі арнайы бөлмелерге бағыттаушы белгілерден байқауға болады. Мұнда оқушының әр қадамына мән берілген. Тіпті жай белгінің орнына түрлі әріп пен таңбалар қойылған.

Бір сыныптың өзі екі не үш топқа бөлінеді. Әр топ осындай жеке кабинетте сабақ оқитын болады. Ал, бүлдіршіндер отыратын парталардың арасында 1,5 метр қашықтық сақталған.

Сапура Төлекова, Ә.Бөкейханов атындағы №76 мектеп-лицейінің директоры:

- Бірінші сыныпқа біз негізінен 300 бала қабылдауға жағдай жасап, кабинеттерді, мұғалімдерді, оқулықтарымызды дайындаған болатынбыз. Қазіргі таңда 8 сынып, яғни, 270-тей бала қабылданды.

Бұл мектепте кезекші сыныптың 13 легі ұйымдастырылмақ. «Әр топта 15 баладан келсе, 1-сыныптан 4-сыныпқа дейін жалпы саны 780 балаға дейін оқытуға әзірміз», дейді мектеп директоры. Мектептің кіреберістерінде дезинфекциялық тунель мен төсеніштер қойылады. Сынып бөлмелері санитайзермен қамтылады.

Сапура Төлекова, Әлихан Бөкейханов атындағы №76 мектеп-лицейінің директоры

- 15 минут үзіліспен қабылдаймыз оқушыларды. Мектеп қоршауының төрт қақпасы бар, оқушылар төрт қақпадан арнайы тепловизор арқылы тексерістен өтеді. Бұл жерде ата-анадан баланың температурасын өлшеп қабылдаймыз. Температурасы бар болған жағдайда ата-анамен бірге кері қайтарылады.

Оқыту процесіне тоқталсақ, әр сыныпқа тек бір мұғалімнен бөлінген. Бір ғана ұстазбен байланыста болатын балақайлар күніне үш сабақтан оқиды. Сурет, музыка, орыс және ағылшын тілдері қашықтан оқытылады. Сондықтан бұл пәндер бойынша баланың білімі бағаланбайды. Әзірге кезекші сыныпта нақты қанша бала оқитыны белгісіз. Себебі...

Блиц 1:

- Қашықтан оқуды таңдадық, ең бастысы – денсаулық. Сондықтан да онлайн сабақты таңдап отырмыз.

Блиц 2:

- Мектептен оқиды деп шешім қабылдадық отбасымызбен. Әрине, денсаулық ең бірінші орында ғой. Бірақ мұғаліммен қарым-қатынас керек деп ойлаймын.

Кезекші сыныпта оқыту тәртібі жайлы алдағы уақытта түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Ол үшін білім және денсаулық сақтау басқармаларынан арнайы нұсқаулық түсуі тиіс. Сол кезде баланың сыныпта маска тағу-тақпайтыны белгілі болмақ.

Авторлары: Бақыт Топтаева, Аят Елшін

Хабар 24 телеарнасы