426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодарда 13 білім беру нысаны жөнделіп жатыр

  • 255
  • UPD: 21:02, 04.08.2020

Павлодардың мектептері де қашықтан білім беруге қамданып жатыр, хабарлайды «Хабар 24».

Мұнда 13 нысанға ағымдағы және күрделі жөндеу жасалып жатыр. Төртеуі жақын арада, қалғаны жаңа оқу жылына дейін дайын болады.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Бұл – облыс орталығындағы ірі білім беру ошақтарының бірі. 1300 балаға шақталған нысанда тек ағымдық жөндеулер жүргізіліпті. Ал биылғы жазда оқушылар мен педагогикалық қауымның қамы үшін жылдар бойы шешілмей келген мәселелердің түйіні тарқамақ. Мектеп ұжымы, әсіресе, жылу жүйесінің ретке келтірілетініне қуанышты.

Болат Айғожнин, мектеп директоры:

- Ауқымды жөндеу жұмыстары алғаш рет өткізіліп жатыр. Мектепке осы тектес жөндеу қажет еді. Енді білім ордасының күрделі деген мәселелері шешіледі. Жарықтандыру жүйесі толық ауыстырылды. Қасбеті де алмастырылады. Ең бастысы, мектебіміз жаңа кейіпке енбек.

Биылғы жылғы жөндеу науқаны №28 орта мектептің де жүйелі мәселелерін шешпек. Атап айтқанда, сумен қамту, өрт және жылу желісі күрделі жөндеуден өтеді. Бүгінгі күнге дейін асхана, мәжіліс және спорт залындағы жұмыстар аяқталды.

Бақытжан Қапан, мердігер ұйым өкілі:

- Біздің бригада осы асханада жөндеу жұмыстарын жүргізді. Қыш тақтайша салынды 280 метрге. Енді асхананы жалпы аяқтадық. Енді дәретханаларды аяқтап жатырмыз бірінші қабаттағы, екінші қабат қалды.12 тамызда аяқтау керекпіз, үлгереміз деп ойлаймын.

Мектеп ғимараты «Заманауи мектеп» бағдарламасы шеңберінде жаңа кейіпке енбек.

Мантықова Гүлмира, мектеп диреткоры:

- Жөндеу жұмыстарының басым бөлігі аяқталды. Жылдар бойы жөндеу көрмеген мәжіліс залы, спорт залы адам танымастай өзгерді. Ағымдық жөндеуге 150 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Мектептегі кез келген сынып көпфункционалды болады. Алдағы уақытта мектептің қасбеті жөнделеді. Білім беру ұйымының аумағы да абаттандырылады.

Жаңа оқу жылын қашықтан оқыту форматында жүргізуге дайындық басталып кетті. Сала мамандарының айтуынша, бүгінде үш мыңнан астам павлодарлық мұғалім оқыту курстарынан өтіп, шеберліктерін шыңдады. Бірінші сыныпқа алты мың бала қабылданады деп күтілуде. Оқушыларды компьютерлік техникамен қамту мәселесі де басты назарда.

Қуаныш Қыдыралин, қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары:

- Қанша балаға компьютер жетіспейді? Қанша балаға компьютер қажет деген сияқты сұрақтарды қарастырып жатырмыз. Сонымен қатар кезекші сыныптарды ашу бойынша сұрақтар қарастырылуда. Жалпы бүгінгі таңда Павлодар бойынша егер былтыр 45 мың оқушы аяқтаған болса, осы жылы бұл сан артады деген жоспар бар. Яғни, жыл сайын 4 мыңға жуық бала қосылады. Осы жылы сол санға жетеміз деген жоспар бар.

Мектептердегі жөндеу жұмыстары «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында қолға алынған. Нәтижесінде 400-ге жуық азамат екі қолға бір күрек тапқан. Айта кетейік, нысандарды жөндеуге 800 млн теңгеден астам қаражат бөлінді.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы