423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысында жаңа оқу жылы қашықтан басталады

  • 211
  • UPD: 10:32, 10.08.2020

Жаңа оқу жылы Қостанай облысында қашықтан басталмақ. Бұл туралы аймақ басшысы Архимед Мұхамбетов айтты, хабарлайды «Хабар 24».

Мектептер өткен оқу жылының төртінші тоқсанындағы онлайн тәжірибені әрі қарай жалғастырады.

Ал, ауылдық шағын жинақты білім ордаларында сабақтар дәстүрлі түрде өтеді. Қашықтан оқыту режиміне қарамастан, әр оқушыны тегін оқулықпен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Облыста жаңа оқу жылы 490 мектепте басталады деп жоспарланған. Сабақтар басым бөлігінде штаттық режимде өтеді. Бұл тізімге ауылдық шағын жинақты 265 білім ордасы кіріп отыр.

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

- Бұл мектептерде оқыту екі ауысымда ұйымдастырылады. Ауысымдар арасында 1,5 сағаттық үзіліс болады. Желдету режимі қатаң сақталады және әр сабақтан кейін дезинфекция жүргізіледі. Мектептерде маскалық режим енгізіліп, медициналық бақылау күшейтіледі.

Ал, 225 мектептің оқушылары ұстаздардың тапсырмаларын үйде отырып орындайды. Облыс қашықтан білім беру форматына ертерек қамданған. 1,5 млрд теңгеге 6 мыңға жуық компьютер сатып алынды. Сонымен, бірге министрліктен 2,5 млрд теңге аударылады. Қаражат есебінен жаңа модельді 15 мыңдай компьютер, ноутбук, планшеттермен толығу мүмкіндігі бар.

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

- Қаражат мұғалімдер мен оқушылардың компьютерге деген қажеттілігін толық жабады. Кеңсе техникалары бірінші кезекте тұрмысы төмен отбасыларға беріледі. Қазірдің өзінде 11 мыңнан астам компьютерді осындай жанұяларға орнатып бердік.

«Қашықтан білім беру форматына қарамастан, оқушылардың барлығы тегін оқулыққа ие болады», деді облыс әкімі. Бұл мақсатқа биыл 1,2 млрд теңге жұмсалады. Оқулықтар мектептерге 25 тамызға дейін жеткізіледі. Егер өңірдің эпидемиологиялық жағдайы күрделенетін болса, барлық мектептер қашықтық режимге толық көшірілетінін еске салды Архимед Мұхамбетов.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы