426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтауда 15 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр

  • 160
  • UPD: 23:24, 10.08.2020

Ақтауда 15 мектептің ғимараты бастан-аяқ қалпына келтіріліп жатыр, хабарлайды «Хабар 24».

Оның 13-ін және бұдан өзге төрт бөбекжайды жөндеуге қазынадан 172 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Ал, соңғы екі мектепте жаңа оқу жылына дейін күрделі жөндеу жұмыстары толық аяқталуы керек. Білім беру мекемелерін қайта жаңғыртуға бұрын жұмыссыз болған 329 адам тартылған екен. Әр жұмысшының алатын айлығы 85 мың теңгеден басталады.

Жаз басталғалы бері ІТ мектеп-лицей мен №28 орта мектепті күрделі жөндеу қарқынды жүріп жатыр. Соңғысының тозығы жеткен едені, ішкі қабырғалары жаңарып, сырланды. Ғимарат жанындағы көлемі 60х40 метрлік стадион да біраз ретке келіп қалды. Мердігер мекеме өкілдері бұл жұмыстарды 1 қыркүйекке дейін аяқтаймыз деп отыр. Мектепке жөндеу жүргізуге 75 жұмысшы тартылған. Жиырмаға жуығын қалалық жұмыспен қамту орталығы жіберіпті.

Нұраддин Жайылханов, мердігер мекеменің инженері:

- Бұл стадионды ең заманауи материалдармен жасап жатырмыз. Ертең астын жасанды шөптермен қаптайтын боламыз. Бірінші асфальттап аламыз, сосын үстін жасанды шөптермен қаптайтын боламыз. Олар балаларға өте ыңғайлы. Қазіргі заманауи деп айтып жатқан себебіміз де сол. Балалар құлап қалса да, еш жерін жарақаттап алмайды.

№21 жалпы білім беру мекемесі 15 мамыр мен 15 шілде аралығында жөндеуден өтті. Оған 12 миллиондай қаржы жұмсалған білім ордасы биыл 2145 оқушыны қабылдайды. Оның 325-і бірінші сыныпқа барады. Мұндағы 135 мұғалім PISA бағдарламаларын меңгеріп, қашықтан оқыту бойынша әдістемелік курстарды аяқтап отыр. Қазіргі уақытта бастауыш сыныптардың ұстаздары үшін семинарлар өтіп жатыр.

Бексұлтан Майрамов, №21 жалпы білім беру мектеп  директорының м.а.:

- Бастауыш сыныптардың оқушыларын оқыту бойынша қазіргі уақытта оқу-әдістемелік орталық мамандарымен бірлесе отырып, арнайы педагогтарды дайындау бойынша семинарлар өткізіп жатырмыз. Оған қоса, әртүрлі платформалар мен келісімшарттарды жасақтап жатырмыз. Яғни, солардың негізінде біз балаларды оқытуды жеңілдетуге және барлық жағдайды жасауға тырысамыз.

Жауапты мамандар қазір екі орта мектепті күрделі жөндеудің 87%-ке орындалғанын мәлімдеді. Жаңа оқу жылына дейін білім нысандарын жаңғырту толық аяқталуы тиіс. Осы мақсатқа республикалық бюджеттің 1 млрд 152 миллионға жуық қаражаты жұмсалып жатыр.

Тоты Күлметенова, қалалық білім бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Бөлек-бөлек айтатын болсақ, №28 мектепке 654 млн 138 мың теңге бөлінсе, ІТ мектеп-лицейге 497 млн 300 мың теңге бөлінді. 13 мектептің алтауында бүгінгі таңда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал төрт балабақшада ағымдағы жөндеу толықтай аяқталды.

Орта және бастапқы білім беру мекемелерін жөндеуге жыл басынан бері төрт жүздей адам тартылғаны айтылды. Барлығы да бұрын жұмыссыз болған азаматтар. Мердігер мекемелер әр жұмысшыны қомақты айлықпен қатар ыстық тамақпен қамтамасыз етуге жауапты.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы