425,99 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Маңғыстау облысында оқушыларға бюджет есебінен компьютер сатып алынады

  • 259
  • UPD: 22:47, 11.08.2020

Маңғыстаулықтар да қашықтан оқуға қызу дайындық үстінде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оқушыларға бюджет қаражатына 30 641 компьютер сатып алынады. Мектептегі 5 мыңға жуық компьютер де оқушыларға беріледі. Бұдан бөлек білім беру платформаларының кедергісіз жұмыс істеуі үшін 4 серверлік құрылғы сатып алынбақ. Бұл үшін жергілікті қазынадан 12 млн теңге  қаржы бөлінді.

Ақтаудағы Серікбол Қондыбай атындағы мектеп гимназиясының мұғалімі Айымгүл Бекбаева 4-ші сыныпқа жетекшілік етеді. 3 ай карантинде қашықтан оқуда тәжірибе жинақтаған ол жаңа оқу жылына қызу дайындалуда. Сыныптағы компьютерге мұқтаж балалардың тізімін жасапты. 24 оқушының 2-і компьютер, біреуі  интернет желісін қосып беруді сұраған. 

Айымгүл Бекбаева, бастауыш сынып жетекшісі:

– Қашықтан оқытуға біз біршама төселіп қалдық. Бұл жерде ата-ананың көмегі өте көп. Көмектесті. Ата-аналарда жауапкершілік арттты бұрынғыдан да. Қашықтан оқытуда оқушы мен мұғалім және ата-ана тығыз байланыста болды. Сыныбымның оқушылары жақсы көрсеткіш көрсете білді.

Самат Жүзбергенов, С.Қондыбай атындағы мектеп гимназиясы директорының м.а:

– Биылғы оқу жылында интернет желісіне қосылу, компьютер жетіспеушілігі сияқты көптеген сұраныс түсуде. Қазіргі таңда ең бірінші аз қамтылған және көпбалалы ата-аналардың балаларын толық қамтамасыз етіп жатырмыз. Қазір 973 баланың 145 көмекті қажет етеді. Соларға қазір 60-қа жуық компьютер дайын тұр. Сонымен қоса конкурсқа 15 ноутбукке сұраныс беріп қойдық. Бұйырса, осы аптаның аяғында конкурс шешімі шығып, компьютерлер келеді деген ойдамыз. 120 компьютерді қалалық білім бөліміне сұраныс бердік.

Сапалы білім берілу үшін облыстағы барлық мектеп оқушыларына талдау жасалды. Нәтижесінде 49652 оқушыға компьютердің қажет екендігі анықталды.  Үкіметтің жедел шығындарға арналған резервінен және жергілікті бюджеттен 30 641 дана компьютер сатып алынатын болды. Сонымен қатар мектептердің балансындағы 4850 компьютер оқушыларға уақытша пайдалануға беріледі. Ең алдымен аз қамтылған отбасылардың, жетім және ерекше білімді қажет ететін оқушыларға үлестіріледі. Интернетпен қамту бойынша да елді мекендерге талдау жасалды.

Серікбай Тұрымов,  облыс әкімі:

– Кейбір ауылдық елді мекен: Маңғыстау ауданында, Мұнайлы ауданында, Түпқараған ауданындағы жаңадан салынған 6-шы квартал деген осы ауылдарда интернеттің жылдамдығына байланысты мәселелер бар. Күші секундына 4 МГВ болуы керек. Интернет желісінде қызмет жасап жүрген компаниялармен бірлесіп, жұмыстарды үйлестіріп жатырмыз. Барлық елді мекендегі интернет желісінің мүмкіндігін арттыруымыз керек. Осыған байланысты мамыр айынан бастап бірнеше іс-шара жасақтадық.

Жаңа оқу жылында Маңғыстау ауданындағы Бекі ауылы мен Қарақия ауданындағы Аққұдық ауылының оқушылары мектепке барып оқиды. Екі білім ордасында да барлық санитарлық талаптары орындалатын болады, дейді аймақ басшылары.

Авторлары: Гүлмира Әбішева, Саламат Бекбаев

Хабар 24 телеарнасы