423,41 498,70 5.56
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысында мектептерді жөндеу бойынша бірыңғай стандарттар әзірленді

  • 207
  • UPD: 09:24, 12.08.2020

Павлодар облысында білім беру саласында жағымды жаңалық көп.

Биыл аймақтағы мектептерді жөндеу жұмыстары бойынша бірыңғай стандарттар әзірленді, хабарлайды «Хабар 24».

Оның аясында орта оқу орындарының ғимараттары жаңа талаптарға сай жөнделеді.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Жарылғап Кәрімжан қызы Дарияның сапалы білім алуын қалайды. Осы мақсатта ауылдық жерден қоныс аударып, баласын осы мектепке берді. Зерек қыз дарынды балаларға арналған гимназияның бесінші сыныбына қабылданды.

Дария Кәрімжан, оқушы:

- Тезірек оқу басталса екен. Осы мектепте оқып, достарымды табайын. Жөндеу жұмыстары бітсе екен. Осы мектепте оқығым келіп тұр.

Ыбырай Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-гимназия 450 орынған шақталған. Ұл-қыздар оқуға бастауыш сыныптарды аяқтаған соң қабылданады. Басым бөлігі – ауыл балалары.

Дарья Шарупыч, оқушы:

- Карантин тезірек бітсін. Сосын біз қайтадан мұнда оқимыз. Біз балалармен мұнда ойнаймыз далада, сол үшін тезірек келгім келеді оқуға. Жаңа кітаптарды алдым. Кітаптар өте қызықты. Жаңа ғана қарап шықтым. Менің ойымша, оқу қызықты болады.

Мектепте осы тектес күрделі жөндеу жұмыстары бұрын-соңды жүргізілмепті. Жаңа оқу жылы қарсаңында ғимараттың қасбеті мен төбесі ауыстырылып жатыр. Ал аумағына жаңа кеспетас төселді.

Асхат Нұрекенов, мердігер ұйым өкілі:

- Қазір 20 адамдай жұмыс істеп жатыр. Оның ішінде 10 адам жұмыспен қамту орталығынан, қалғаны жұмысшылар. Жалпы фасад бойынша оның бәрі керамогранит. Енді көп қиыншылықтар жоқ. Материалдардың бәрі жақсы. Сапалысын алып жатырмыз. Енді бір 10%-тей жұмыс қалды.

Ғимарат «Заманауи мектеп» бағдарламасы аясында жөнделіп жатыр. Мектепті жабдықтауға және жаңартуға 200 млн теңгеге жуық қаражат бөлінген. Ал облыстағы мектептерді жөндеуге 6,5 млрд теңге қарастырылды.

Ақмарал Есімханова, тілші:

- Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп – облыстағы ірі әрі ескі гимназиялардың бірі. Заман көшінен қалмас үшін биылғы жылы мектеп ғимаратында күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Ал білім беру процесі заман талабына сай болу үшін кабинеттер осындай шыны қабырғалармен жабдықталады. Қазіргі таңда 31 сыныптың тең жартысы осындай заманауи сипатқа ие. Бұл «Ашық мектеп» концепциясы аясындағы идея болмақ.

Басты мақсат – оқушылар мен балалардың кедергісіз білім алуына жағдай жасау. Жаңа оқу жылына 50-ге жуық мұғалім жұмысқа кірісуге дайын. Ұстаздардың тең жартысы осы гимназияның түлектері. Солардың бірі – Мәрес Байрон.

Мәрес Байрон, қазақ тілі және әдебиетінің мұғалімі:

- Заманауи түрде кабинеттер болмақшы. Яғни, ұстаздарға жұмыс жасау өте қолайлы. Бұл – менің жұмыс кабинетім. Оқушылармен бірге жаңа тақырыпты меңгеріп, осында түрлі жұмыстармен айналысамыз. Мен оқушы кезімдегі мектеп-интернаты мен қазіргі таңдағы мектебімді ұқсата алмаймын. Себебі, мұнда бәрі жаңаша, өзгеше.

Мектеп ғимараты 58 жыл бұрын бой көтерген. Тарихы бай мекеменің ерекше келбетін сақтап қалу да – басты мақсаттардың бірі. Бұл сыныптардың қайталанбас дизайны көптеген оқушыға ғимараттың жарты ғасырлық тарихынан сыр шертері сөзсіз.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Марат Игіліков

Хабар 24 телеарнасы