428,02 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қостанай облысы бойынша 225 мектептің оқушылары үйден оқиды

  • 333
  • UPD: 08:17, 14.08.2020

Шамамен екі аптадан кейін жаңа оқу жылы басталады. Оқушылар жылдағыдай мектепке баруға емес, онлайн оқуға қамданып жатыр, деп хабарлайды «Хабар».

Биыл Қостанай облысындағы Қамысты ауданының бес мектебінде оқу қашықтан өтеді. Арасында дәстүрлі режимде жұмыс істейтін мектептер де бар. Аудан жаңа оқу жылына қаншалықты дайын? Оқушылардың барлығы компьютермен қамтыла ма?

Данияр Сұлтанұлы, тілші:

- Ақтілек пен Ақерке бір тоқсан бойы ұстаздардың тапсырмаларын үйде отырып орындап келді. Мектеп оларды ноутбук және интернетпен жабдықтады. Апалы-сіңлілі онлайн түрде күнделікті 1,5 сағат бойы оқыды. Биыл да оқуларын осындай форматта жалғастырады.

Ақтілек Нұрдиллақызы, оқушы:

- Маған өте оңай болды. Мұғалімдеріміз бізге жақсы түсіндіріп отырды. Сіңлім екеуімізге бір компьютер қиын болды. Екі компьютер болса, тіпті жақсы болатын еді.

Қашықтан оқудың тиімдігі мол деп есептейді көп балалы ана. Соның арқасында қыздар компьютерді жетік меңгерген екен.

Патыма Бектұрсынова, Қамысты ауылының тұрғыны:

- Ерекшелігі, балалар көз алдымызда. Сабаққа барған-келгенде жолда ешқандай уайымдамаймыз. Қауіпсіз. Шамалы қиындық туды. Түсінбегенімізді мұғалімдер түсіндіріп отырды. Мұғалім мен оқушы арасында кері байланыс жүрді деп есептеймін. Алдағы оқу жылында ешқандай қиындық болмайды ойлаймын.

Қамыстыда жаңа оқу жылы онлайн түрде бес мектепте өтеді. 130-ға жуық компьютер көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың оқушыларына берілген.

Талғат Қуанышбаев, Қамысты ауданы білім беру бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

- Оқушылардың 70%-іне компьютерлер үлестірілді. Кеңсе техникасы тұрмысы төмен отбасыларға беріледі. Аудан бойынша тағы 256 компьютер жетіспейді.

Облыс бойынша 225 мектептің оқушылары үйден оқиды. Осы мақсатқа 1,5 млрд теңге бөлінді. Оған 6 мыңға жуық компьютер сатып алынды.

Архимед Мұхамбетов, облыс әкімі:

- Мектеп жасында бірнеше баласы, оған қоса ата-анасы қашықтан жұмыс істейтін отбасылар бар. Ал қолданыста тек бір компьютер ғана. Осындай проблемаларды оқу жылының басталуына дейін мектеп әкімшілігіне хабарлау қажет.

Биыл өңірдегі барлық 490 мектеп оқу жылының басына дейін жоғары жылдамдықты интернетке қосылады. Әртүрлі қаржыландыру көздерінен мобильді интернет модемдері сатып алынбақ.

Авторлары: Данияр Сұлтанұлы, Ермек Мұхамедияров

Хабар 24 телеарнасы