426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбедегі тоғыз мектепке қосымша ғимарат салынып жатыр

  • 264
  • UPD: 08:06, 14.08.2020

Үш ауысымда оқытуды жоюдың оңтайлы жолы. Ақтөбеде бұл мәселе енді мектепке жапсарлас салынатын ғимараттардың есебінен шешілмек, деп хабарлайды «Хабар».

Себебі, білім ұясына баратын бала саны көбейе түскен.

Ал, жаңа оқу орнын салатын бос жер жоқ. Қазірдің өзінде қаладағы 9 мектептің ауласында қосалқы нысандардың құрылысы жүріп жатыр.

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Бұл – қаланың «Болашақ» шағын ауданындағы жалғыз мектептің ауласында салынып жатқан қосымша ғимарат. Жаңа оқу жылы жақындаса да, құрылысты жалғастыруға тура кеп тұр. Себебі, ашылғанына үш жыл болса да, 300 орындық білім ұясында 1200 бала оқиды. Бұдан бөлек, мөлтек ауданының алты мыңға жуық баласы өзге мектептерге баруға мәжбүр. Сондықтан тұрғызылатын қосалқы нысаннан үміт зор.

Сұлушаш Сүндетбаева, Ж.Тәшенов атындағы №68 орта мектебінің директоры:

- Сол үш ауысымды мәселесін шешеді деп ойлаймыз. Себебі, бастауыш сыныпқа келетін оқушылардың саны осы шағынаудан бойынша өте көп. Соған байланысты 500 баланың мәселесін шешіп, осы қосымша ғимаратта білім береміз деп ойлаймыз.

Ал, көрші шағын аудандағы мектеп жанынан салынып жатқан нысан құрылысы аяқталуға жақын. Үш қабатты ғимарат пайдалануға берілгенде қосымша 20-ға жуық оқу бөлмесі, бірқатар арнаулы пәндер кабинеті және жаңа спорт залы болады. Ең бастысы, соңғы төрт жыл бойы жүрген үш ауысымды оқыту мәселесі шешілмек.

Жансұлу Гатауова, №56 орта мектеп директорының орынбасары:

- Қосалқы ғимарат 300 орынға арналған, ал бізде бастауыш сынып бойынша оқушылардың саны 900-ді құрап тұр. Сондықтан да, екі кезеңде оқып, 1 қыркүйекте бітірсе, біздер сол кабинеттерге орналастырып, сыныптарымызды бөлу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үш ауысымда оқу өте қиын болды.

Жалпы бұл мектеп қазақ және орыс тілдерінде білім бергендіктен, мұнда оқитын бала саны өзгелерге қарағанда өте көп. Ал, қосымша ғимарат құрылысын жүргізіп жатқан мердігер компания өкілдері жұмысты қыркүйекке дейін аяқтауға уәде беріп отыр

Арғын Лайханов, учаске басшысы:

- 95% жұмысы атқарылып тұр. Ішкі су жүйесі, басқа да құбырлар желісі бітті. Енді әктеу, ішкі жұмыстары қалды. Енді 1 қыркүйекке алдағы уақытқа үлгереміз деп ойлаймыз.

Білім басқармасы өкілдерінің айтуынша, мектептерге жапсарлас ғимарат салу амалсыздан туған шара. Себебі, екі бірдей мөлтек ауданда жаңа мекеме салатын ыңғайлы орын жоқ.

Ләззат Оразбаева, облыстық білім басқармасының басшысы:

- «Болашақта» мектеп жер үйлердің территориясы бойынша салынбаса, қазір ашық тұрған жер телімі жоқ. №56 мектепті бізде егер осы пристройкамен шешетін болсақ, бізде №51 мектеп те үш кезеңнің алдында тұр. Бала өте көп. Біз түгелімен Ақтөбе қаласындағы барлық мектептерге анализ жасап шықтық. 1-2 жылда бала саны көбейіп кеткен жағдайда, ол мектептердің бәрі дайын тұруы керек. Ал, қазіргі салынып жатқан құрылыстар ол қазір проблема туындап тұрған мектептердің құрылыстары.

Мектептерге қосымша ғимараттар салу үш ауысымды оқыту мәселесін жоюға септігін тигізбек. Қазір облыста ондай жүйеге көшкен 12 білім ошағы бар. Жыл соңына дейін жартысынан астамында бұл мәселені толық шешу көзделіп отыр.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы