428,35 499,00 5.47
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда экологиялық білім беру жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылады

  • 229
  • UPD: 12:40, 18.08.2020
Қазақстанда экологиялық білім беру жөніндегі үйлестіру кеңесі құрылады 7kun.kz

Қазақстандық мектептерде жаңа экологиялық білім беру пәнін енгізу үшін жауапты мемлекеттік органдар үйлестіру кеңесін құрады.

Бұл туралы ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімдеді.

Экология министрлігінің бастамасымен «Балаларға экологиялық білім беру» тақырыбына арналған онлайн конференцияға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов және ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, ғалымдар, сарапшылар мен қоғам белсенділері, педагогтар және ата-аналар қатысып, олар өз ұсыныстарын айтты.

«Көптеген жақсы ұсыныстар мен пікірлер айтылды. Нәтижесінде біз экологиялық білім беру жөніндегі үйлестіру кеңесін құруға келістік. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, білім беру ұйымдарының, үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың өкілдері, қоғам қайраткерлері кіреді. Кеңесте экологиялық білім берудің өзекті мәселелері талқыланады», – деді Мағзұм Мырзағалиев.

Ал ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов болса экологиялық білім беру мәселесі өте орынды әрі кезек күттірмес шаруа екенін айтты.

Қоғамның бұған белсене араласуы мұны кезекті рет айшықтап отыр. Біз Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы орындауымыз керек. Қоғам тарапынан ұсыныстар көп түсуде. Оның барлығы ескеріледі», – деді білім және ғылым министрі.

«Қалай болса да, асығыс бірінші қыркүйекке дейін дайын болсақ та, болмасақ та сабақты енгізейік деген мәселе алдымызда тұрған жоқ. Ең бірінші кезекте осыны айтқым келеді. Біз берілетін білімнің мазмұнын, баланың жас ерекшелігіне сәйкес келетіндігін, әдістемесін жан жақтан бірге қарастырып, ұйымдастырамыз. Көп мәселе ойын арқылы, тәжірибе арқылы, қолмен жасап шығару арқылы, олимпиадалар арқылы жүргізілуі керек. Бала тек қана құлағымен естіп қана қоймай, қолымен жасап, іс әрекетпен осы жұмысқа қатысса, сонда ғана жақсы нәтижеге жетуге болады», – деді Асхат Аймағамбетов.

Ал бір кездері экономика және сауда, одан кейін білім және ғылым министрі болған Жақсыбек Күлекеев болса, осы бастан экологиялық білім беру жүйесінің жүзеге асырылу жолын айқындап алу керектігіне баса назар аударды.

«Бір мәселенің басын шешіп алуымыз керек. Бізде екі жол бар. Біріншісі, мектепке экология пәнін енгізу. Екіншісі, барлық пәндерді экологияландыру. Яғни мәселенің түп-тамырына үңілу керекпіз. Мысалы, Ресей экология пәнін мектепке енгізумен ғана шектелді. Алайда одан мәселе шешілген жоқ. Онда экология пәнін жоғары сыныптарға ғана енгізді. Ал оқушылардың жартысы ол кезде колледждерге немесе арнаулы білім беру ордаларына оқуға түсіп, мектептен кетіп қалады. Демек, экологиялық білімі жетілмей сол күйінде қалады», – деді Жақсыбек Күлекеев.

ҚР ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева болса, қай уақытта да экологиялық мәселелерді айналып өту мүмкін емес екендігін айтты. Қоғамдағы өткір мәселелердің көбі дәл осы экологиямен байланысты.

«Расында да, бұл мәдениеттің бастауы білім мен тәрбиеде жатыр. Өкінішті, бірақ бүгін қалада өсіп келе жатқан балалардың ішінде қарапайым қой мен ешкіні, шөп пен тікенді ажырата алмайтын балалар көп. Бұл ежелден табиғатпен бірге өсіп, аң-құстың киесін құрметтеген, жеті қазынасына қосқан халықтың ұрпағы үшін үлкен сын», – деді А.Балаева.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев алдағы уақытта да экология пәнін мектеп бағдарламасына енгізуге арналған жұмыстар қоғаммен талқылана отырып, кешенді түрде жүргізілетінін мәлімдеді.

Хабар 24 телеарнасы