426,25 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Сыр өңіріндегі ауыл мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы қалай?

  • 211
  • UPD: 14:27, 21.08.2020

Қызылорда облысындағы шалғай ауылдардағы оқушылар жаңа оқу жылын дәстүрлі түрде, мектеп қабырғасында бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл – оқушы саны 150-ден аспайтын, интернеті нашар немесе тіпті жоқ елді мекендердегі жағдай. Сыр өңіріндегі мектептердің оқу жылына дайындығы қалай?

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Бұл – Жалағаш ауданының орталығынан 80 шақырымдай жердегі Аққыр ауылының мектебі. Күрделі жөнделіп жатыр. Құрылыс мамыр айында басталған. Кестеден кешігу бар. Әлемді жайлаған індеттің салдарынан бұл нысандағы құрылыс қарқыны да бәсеңдеген. Қыркүйекке санаулы күн қалды. Мердігер бірінші кезекте оқу кабинеттерін әзірлеп беру үшін күш салуда.

Гүлбану Орынбаева, мектеп директоры:

- Оқу жылының қарсаңында 28 тамызға дейін тапсырамыз деген уәделерін беріп отыр. Шалғайдағы ауыл мектебіне штаттық режимде оқыту жоспарланып отыр. Қазір бізде балалар саны – 160.

35 жылдан кейін бастан-аяқ жөнделіп жатқан мектептің тағы бірі – Мақпалкөл ауылында орналасқан. Жаңарған ғимараттың білім күніне толық дайын боларына мектеп басшылығы сенімді. Құрылыс қарқынды болғанмен, ауылда интернет баяу.

Райкүл Ілияс, мектеп директоры:

- Бізде қашықтан оқыту ауылда интернет жүйесінің жылдамдығының өте баяу болуына байланысты мобильді байланыс арқылы оқытылады. Бірінші қыркүйектен бастап 1-4 сыныптардан кезекші сыныптар ұйымдастырылады. Сол кезекші сыныптар бойынша мектепте штаттық режимде оқытылады деп күтіп отырмыз. Ал, 5-11 сынып аралығы қашықтан оқытылады.

Жалпы Жалағаш ауданында қыркүйектен бастап 1-4 сынып аралығында 3 мыңдай оқушы мектеп қабырғасында білім алады. Сондай-ақ оқушы саны 150-ден аспайтын шалғайдағы 4 мектеп дәстүрлі түрде білім береді. Бірақ сақтық шаралары қатаң ескеріледі.

Гүлзат Құрманбаева, Жалағаш аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Санитарлық талаптарды сақтау үшін жергілікті бюджеттен 16 млн 250 мың теңге қаржы қаралды. Ол қаржыға дезинфекциялық тонель , бактериацидті шамдар, антисептиктер, дезинфекциялық ертінділер, осы заттар алынатын болады.

Қажетті оқулықтың 97%-і алынған. Оқушыларға таратылып жатыр. Дегенмен, 848 өренге планшет пен компьютерлер керек. Ол үшін мектеп меншігіндегі құралдар таратылатын болады. Сондай-ақ аудандық бюджеттен бөлінген 13 миллион теңгеге 270 планшет сатып алынады. Демеушілер де көмектесіп жатыр. Қалай дегенмен, қысылтаяң кезеңнің ауыр жүгін бірлесіп көтеру індетпен күреске қосқан үлес болары анық.

Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Әлхайдар Тұрлыханов

Хабар 24 телеарнасы