421,44 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Бас санитардың білім беру орталықтарына қатысты шешімін ата-аналар қолдаған жоқ

  • 159
  • UPD: 21:41, 21.08.2020

Елдегі қосымша білім беру орталықтары тек 5 адамнан қабылдайды. Бас санитарлық дәрігердің ұйғарымы сондай. Ал ата-аналар мен кәсіпкерлер мұндай шешімнің тиімсіз екенін айтады. 

Себебі «бұлайша жұмыс істеп ғимаратты жалға алу, қызметкерлерге жалақы төлеу, коммуналдық шығындарды өтеу мүмкін емес» деп отыр. 

Өтпелі кезең кәсіпкерлерге үлкен сын болды. Елордада мыңға тарта қосымша білім беру ұйымы бар. Олардың жұмысы жарты жылдан бері тоқтап тұр. Енді онсыз да қажыған кәсіп иелерін бас санитарлық дәрігердің қаулысы тығырыққа тіреді. Карантиннен кейін ересектер мен балаларды дамыту ұйымдары бар-жоғы 5 адамнан қабылдап, жұмысын жалғастыруға рұқсат алған. Орталық иелері бұл шешімге үзілді-кесілді қарсы. 

Айнұр Маратбекқызы, қосымша білім беру орталығының басшысы:

- Балабақшаларда 15 балаға дейін рұқсат етілді, сонымен қосымша білім беру орталықтарын салыстырсақ, бізде мүмкіншілік бар. Арақашықтықты сақтау, маскамен жүру, қолды дезинфекциямен жуып тұруға бізде әбден мүмкін. Сол себепті біздің сұрақты қайтадан қарастыру тиіс деп ойлаймыз. 

«Әрине санитарлық талапты орындау баршаға міндет. Бірақ қаулыда көрсетілгендей 5 адамнан ғана қабылдап жұмыс істеу тиімсіз» дейді кәсіпкерлер. Оқытушы Балқия Үсенбайқызының айтуынша, қосымша білім беру орталықтарының шығыны аз емес. 

Балқия Үсенбайқызы, балаларды дамыту орталығының мұғалімі:

- Егер абоненттік төлем айына 20-30 мың болып, 1 топта 5 бала ғана оқитын болса, ол тек мұғалімнің жалақысы, шығынын ғана ақтайды. Бізде басқа да шығындар бар, бейнебақылау, жалдау құнын төлеу, т.б. Санитарлық нормалардың, антисептик сияқты заттарды алуға бізге көптеген шығындар шығады. Егер топта 5 баламен ғана жұмыс істейтін болсақ, біздің қызметімізді ақтамайды. 

Онлайн білім берудің қызығы мен шыжығынан шаршаған ата-ана да орталықтардың толық жұмыс істеуін қалайды. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы да бұл ретте тиімді алгоритим ұсынған.

Инна Региль, ҚР «Атамекен» ҰКП департамент қызметкері:

- Елімізде нақты қанша орталық бар екенін дөп басып айту қиын. Өте көп. Қазір мыңдағанымен байланыстамыз. Біз әр нысанның аумағына қарай бала қабылдау рұқсат етілсе деп сұрадық. Балалардың арасында 2 метрлік қашықтықты сақтап, жұмыс істеуге мүмкіндік болса 15 балаға дейін қабылдауға болады. Ұсынысымызды айтып, бас санитарлық дәрігерге хат жаздық, қазір жауап күтіп отырмыз. 

Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне де хабарластық. Белгілі болғандай, еліміздегі мұндай орталықтардың 80 проценті шағын бөлмелерді жалға алады екен. Демек, індеттің де тез таралуы әбден мүмкін.

Марал Рахимжанова, ҚР ДСМ ТКҚСҚБК басқарма басшысы:

- Қазіргі уақытта ҚР әлеуметтік дистанцияның қашықтығы 2 метр деп бекітілген. Сол дистанцияны сақтау мақсатында бір топтағы бала санын 5 деп тағайындадық. Бұл мемлекеттік комиссия тарапынан мақұлданған. Ендігі карантинді жеңілдетудің кезеңінде балалар санына байланысты ұлғаюын қарастырамыз.

Денсаулық сақтау министрлігі жағдайды екі аптадай бақылайды. Тұрақтылық байқалса, карантинді жеңілдетудің екінші кезеңі басталмақ. Бұл кезде балалар мен ересектерге қосымша білім беру орталықтары келушілер санын он адамнан асыруы мүмкін.

Авторы: Мерей Мұратханқызы

Хабар 24 телеарнасы