426,32 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жаңа оқу жылы: мұңын шаққандар көп, білім қалай болар екен?

  • 210
  • UPD: 12:02, 25.08.2020

Білім алу бұл күнде біраз адамның бас қайғысына айналды.

Әсіресе, көпбалалы отбасылар шырмауыққа шырмалғандай күй кешіп жатыр. Дәптер мен қалам алудың өзі мұң еді. Енді міне, қашықтан оқу үшін компьютерді қоса сатып алуға тура келеді. Алса мейлі ғой, тапқанын баласының аузына талғажау етіп салып отырған олардың артық ақшасы қайдан болсын? Ал Үкімет соларға қол ұшын созайын деген сыңай танытпайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қуықтай бөлме. Кітап парақтаған бала. Барғанымызда осыны көрдік. Кішкенесі сабаққа дайындалып жатырмын дейді. Күзде мектепке барады. Кезекші топқа ілініпті. Қалғаны қашықтан оқымақ. Бірақ қалай оқиды? Мәселе сонда. 

Тәжігүл Еркеншаева, көпбалалы ана:

– Оқытатын жағдайым жоқ. Компьютер да жоқ, телефон да жоқ. Телефон болған күннің өзінде олардың әрқайсысына тарифіне 2 мың керек. Оларға ондай ақша салып беруге менің жағдайым келмейді.

Көктемде барлық бала осы планшетті пайдаланған. Кезектесіп оқыпты. Әупірімдеп жүріп, әрең дегенде бітірді. Күзде де солай күнелтеміз дейді. Басқа амал жоқ. Байланыс болмай қалса, шатырға шыға салады екен. Партада отыратын баланың гараж төбесінде отырып білім алғаны мына Үкіметке сын енді?

Елде жағдайы жүдеу-жадау жандар көп. Барлығы осындай күй кешіп жатыр. Карантин кезінде біраз адам жұмыстан босап қалды. Дорба түбіндегені дүрбімен іздеп түгендеп жатқан олардың да тап қазір компьютер ала салуға шаамасы келмейді.

Татьяна Коршунова, қалалық ата-аналар қауымдастығының өкілі:

– Бізде бірінші кезекте тұрмысы нашар, көпбалалы отбасыларды ғана керек жабдықтпен қамтиды. Қалғаны назардан тыс қалады. Ал карантин кезінде біраз адамның жұмыстан босап қалғанын білеміз. Қазір олардың да балаларына компьютер сатып бере салатын жағдайы жоқ. Үкімет мұны ескеруі керек.

Үкімет өткен аптада 500 мың отбасыға компьютер таратып береміз деген. Басында бұл сөзге иландық. Бірақ кейін күмәндана бастадық. Жаңа оқу жылына дайындық жоғы қазірден-ақ білініп жатыр. Мұны депуттар да мойындады.

Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

– Конституцияда орта білім беру тегін деп жазылған. Бұл талаптың орындалуын билік қадағалауы керек. Тап қазір балаларға қашықтан білім алу үшін комьютер керек болып жатыр. Демек Үкімет оқушылардың барлығын осы жабдықпен қамтамасыз етуі тиіс. Ал қазіргі жағдайға қарап, биліктің бұған дайын болмағанын көре аламыз.

Қазір балалар алаңсыз ойнап жүр. Жүздерінде күлкі бар. Бірақ бір аптадан кейін, тап осылай езу тарта ала ма? Көңілі алаң болған ананы да қазір осы мәселе ойға қалдырып отыр.

Дастан Сейілханұлы, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы