421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қарағанды облысында үздік мұғалімдер 1 млн теңгеден астам сыйақы алады

  • 228
  • UPD: 23:11, 26.08.2020

Енді Қарағанды облысының үздік мұғалімдері «Білім берудің құрметті педагогы» төсбелгісімен бірге бір миллион теңгеден астам сыйақы алады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл туралы бүгін онлайн режимде өткен тамыз кеңесінде айтылды. Он мыңға жуық педагог қатысқан жиында қашықтан оқыту проблемалары мен қала және ауыл-аймақтардағы білім беру жобасының мәселелері қаралды. 

Биыл Қарағанды облысының білім беру мекемелерін жөндеуге шамамен 17 миллиард теңге қаржы бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3 есеге жоғары. Нәтижесінде өңірдің барлық білім ұйымдары бейнебақылау камераларымен қамтылып, жаңа компьютерлер сатып алынған.

Жеңіс Қасымбек, облыс әкімі:

– Биыл өңірде 15 білім мекемесі салынып жатыр. Оның жетеуі – мектеп. Үші апатты жағдайдағы мектептің орнына салынған. Тағы төртеуін салу арқылы біз 3 ауысымды оқытудан құтыламыз. 2 балабақша, 3 мектеп жанындағы орталық, колледж студенттеріне арналған 1 жатақхана салынып жатыр. Жыл соңына дейін 9 жоба пайдалануға берілмек.

Биылғы оқу жылы пандемия салдарынан тағы да көпшілік оқушылар үшін қашықтықтан болмақ. Тек бастауыш сынып оқушылары ғана мектепке келіп оқиды. Биыл әр сыныптың өзіндік үзіліс уақыты болады. Қазір оқытушылар ерекше оқу жылына дайындықты бастаған.

Гүлсім Қожахметова, облыстық білім басқармасының басшысы:

– Шамамен 58 мыңға жуық бала кезекші сыныптарда ата-аналарының қалауы бойынша оқитын болады. Оларды мектеп медбикесі мен кезекші оқытушылар қарсы алады. Әр сыныпқа жеке-жеке үзіліс уақыты болады. Бұл өзге балалармен байланысты азайту мақсатында жасалады. Яғни облыстың бас санитарлық дәрігерінің талаптарын толық орындаймыз.

Сондай-ақ биыл қарағандылық мектепке дейінгі мекемеге баратын бүлдіршіндер физика, химия, биология заңдылықтары бойынша алғашқы ақпараттарды оқи бастайды. Ал жоғарғы сынып оқушылары «Бизнес START» олимпиадасына қатысады. Ауыл мектептері үшін «JasAgroSkills» жобасы іске қосылған. Сондай-ақ облыс басшысы барлық қалада мектеп оқушылары үшін мансап құру орталықтарын ашуды тапсырды. Бұл ерте бастан мамандық таңдауға септеседі. Қазір мұндай жоба Сәтбаев қаласында жұмыс істеп тұр.

Авторлары: Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайлау Игліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы