426,25 497,47 5.54
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Павлодар облысындағы шалғай ауыл мектептері жаңа оқу жылына дайын

  • 191
  • UPD: 09:24, 27.08.2020

Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Білім ордалары соңғы дайындықтарын пысықтауда, деп хабарлайды «Хабар 24».  

Мысалы, Павлодар облысындағы шағын жинақты мектептерде сабақ штаттық режимде жүргізіледі. Оқушылардың қауіпсіздігі маңызды екені анық. Сондықтан қажетті санитайзер, тепловизор мен медициналық бетперделер алынған. Зарарсыздандыру құралдары мектеп ғимаратының кіреберісіне орналастырылады. Әлеуметтік арақашықтықты сақтау үшін кейбір мектептер екі ауысымдық оқу кестесіне көшеді.

Бір кездері оқушылар саны мыңға жуықтаған Майтүбек ауылындағы шағын жинақты мектепте қазір 73 бала оқиды. Бала саны қысқарғаннан кейін мектеп бір ауысымда жұмыс істеп келді. Енді биылдан бастап қайтадан екі ауысымға көшеді. Мектеп басшылығы «жаңа оқу жылына сақадай-саймыз», дейді.

Ләйлә Ілеукеева, Майтүбек орта мектебінің директоры:

- Мектебіміз толықтай дайын деп айтуға болады. Міне, тепловизор, санитайзерлар алынып, кілемшелер салынып, жаңағы антисептиктермен барлығы толықтай қамтылып жатыр. Қазір дайындық үстіндеміз.

Май ауданының халқы ұзақ жылдар сарыла күткен Май топтық су құбыры пайдалануға берілді. Бүгінде Майтүбек ауылы орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Осы мүмкіндікті пайдаланған мектеп басшылығы ғимарат ішіне дәретхана орнатқызған. Бұл ауданда «Мектепке тағзым» жобасына ерекше қызығушылық бар. Әр жылғы түлектер ұшқан ұяларына қарайласып тұрады.

Алмагүл Қайратбаева, Майтүбек орта мектебі директорының орынбасары:

- Мектебімізге тағзым акциясы бойынша тағы да, міне, 2001 жылғы түлектер шахмат кабинетін, 2002 жылғы түлектер домбыра кабинетін, 1988 жылғы түлектер жалюзи, мектепке керекті құрал-жабдықтарды орг техникаларын беріп жатыр сыйлыққа.

Өткен жылы мектептің компьютерлік сыныбы жаңартылыпты. Мектеп әкімшілігімен байланыс орнатқан түлектер жетпеген техниканы алып беруге уәде беріп отыр. Биыл тоғызыншы сыныпқа баратын Камила Жанат бірінші қыркүйекті асыға күтіп  жүр. Төртінші тоқсанды үйде оқыған ол сыныптастары мен ұстаздарын әбден сағынған. Бірақ қашықтан оқуға тез үйреніп кетіпті.

Камила Жанат, оқушы:

- Бастапқыда бізде қашықтан оқу кішкене қиындау болды. Сондан кейін үйреніп кеттік. Күнделікті жұмыстармен, тапсырмалармен  BilimLand, Zoom-нан үйреніп кеттік. Мұғалімдермен кері байланыс орнатып отырамыз.

Қазір ауданда «Мектепке жол» акциясы жүріп жатыр. Ауыл кәсіпкерлері аз қамтылған және көп балалы отбасыларға оқу құралдары және  киім-кешек жағынан көмек береді.

Авторы: Қарлығаш Қасиетова

Хабар 24 телеарнасы