420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақмола облысынан мамонт сүйегі табылды

  • 190
  • UPD: 11:09, 28.08.2020
Ақмола облысынан мамонт сүйегі табылды

Бұландыдан ерте замандағы жануардың сүйегі табылды. Ұзындығы бір метрден асатын сүйекті мамандар «мамонттікі» деп болжап отыр. Жалпы бұл жануардың қаңқасы осы аймақтан бұрын да табылған. Бірақ дәл осы Бұланды ауданының аумағынан бірінші рет кездесіп отыр екен. 

Ерекше жәдігерді тапқан Буденовка ауылының тұрғыны Валерий Дубовик. Іргедегі өзенге әдеттегідей балық аулауға келген ол, жағалаудағы құм арасынан  ерекше дүниені байқайды. Ал оның мамонттың сүйегі екенін білген балықшы «балық аулаймын деп, мамонт ұстап қайттым» деп әзілдейді.

Валерий Дубовик, Буденовка ауылының тұрғыны:

- Балық аулауға келе жатып, ақ түсті бір затты байқадым. Құбыр шығар деп ойлап, қасына барғанда оның сүйек екенін білдім. Сөйтіп, қаза бастадым. Сөйтсем, сүйек, өте үлкен екен. Суретке түсіріп алдым да қайтадан көміп, дереу әкімдікке хабарладым. Ең қызығы, осы жерге жиі келеміз. Бірақ сүйекті енді ғана көріп тұрмын. 

Иә, сүйек, расында өте үлкен екен. Ұзындығы 1 метр 5 см. Ал жуандығы 25-30 см дейін жетеді. Әрі ол жақсы сақталған. Бір басының ғана сәл сынғаны болмаса, басқа жерлері бүтін. Мамандардың айтуынша, бұл мамонттың иық сүйегі болуы мүмкін. 

Дана Сұлтан, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының аға ғылыми қызметкері:

- Болжам бойынша – бұл осыдан 10 мың жыл бұрын өмір сүрген мамонттың сүйегі. Ол 50 мың жыл бұрын мекен еткен болуы да мүмкін. Сондықтан нақты мәлімет пен толық қорытындыны Алматыдағы палеозоологтар ғана бере алады. Біз оларға сүйектің фотосуреттері мен деректерін жібереміз. 

Аймақта мұндай жәдігерлер бұрын Зеренді, Шортанды, Жақсы аудандарынан да табылған екен. Олардың арасында 2 метрге дейін жететіндері де бар. Алайда толық бір қаңқа әлі күнге дейін жиналған емес. Сондықтан олар алдағы уақытта оны да кезіктіріп қалармыз деп үміттенеді.

Рауан Ержанов, археолог:

- Осы аумақты белгілеп, ары қарай қазу жұмыстары жүргізіледі әлі. Соның арқасында мүмкін ары қарай тағы да сүйектер табамыз деп ойлаймыз. Енді биыл болмайды ол. Мүмкін ендігі жылы. Жоспарға алып оны, бюджетке қойып, жоспарға алып, сол жағынан жұмыстар ұйымдастыру қажет. 

Себебі биылғы жылдың археологиялық маусымы аяқталды дейді қазба жұмысымен айналысатындар.

Дамир Берікұлы, тілші:

- Мамандардың айтуынша, дәл осындай жәдігерлер көбіне өзеннің жағалауынан табылады. Себебі, құмда сүйектер жақсы сақталады екен. Бұл сүйектің бір ерекшелігі – оның салмағы өте ауыр. Бұл да оның жақсы сақталғандығының бір белгісі. Қазір оны мамандар, музейге алып келеді. Сол жерде толық зерттейтін болады. 

Авторлары: Дамир Берікұлы, Анатолий Полянный

Хабар 24 телеарнасы