420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шарасыз ұстаз: Бізді жаппай жұмыстан қуып жатыр

  • 253
  • UPD: 22:01, 28.08.2020

Ұстаздарға араша түсер кім бар? Алматыдағы көлік және коммуникация академиясынан тағы шу шықты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Биыл көктемде осы жоғары оқу орнының ректоры бірнеше маманға «қысастық жасады» деген ақпарат тараған. Енді сол кезде бас көтерген ұстаздарды академия құрылтайшылары негізсіз жұмыстан қуып жатыр. Біздің арнаға сұхбат берген педагогтар осылай дейді. Ұстаздар әділдік іздеп, министрге дейін хат жазған.

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Әлия Құбанбакиева академияда 10 жыл жұмыс істеген. Осы аралықта қырын қараған ешкім болмапты. Тек былтыр оқу орны ректорымен келіспей қалып, қара тізімге іліктім дейді. Әлгі адам ұстаздарға қырындаған-мыс. Мұғалімдер бас тартқан соң бастарына қара бұлт үйіріле бастапты.

Әлия Құбанбакиева:

- Маусым-шілде айларында ақырынлап қырындап басталды. Күшейіп-күшейіп, тамыз кезінде мен нақыт қарсылық берген кезде ол кісі мені жұмыстан шығарды. Одан кейін мен амал жоқ, акционерге звондадым. Жағдайымжы айттым. Акционер мені тыңдап, жұмыста қалдырды.

Ұстаздарға қырындаған ректор биыл көктемде жұмыстан кеткен. Мұғалімдер «енді алаңсыз қызмет қыламыз» деп қуаныпты. Бірақ әлгінде ғана араша түскен академия құрылтайшылары енді бұларға шүйлігіп шыға келген. Педагогтардың айтуынша, көктемде жұмыстан кеткен ректор мен құрылтайшылардың бірі туыс болып шыққан.

Әлия Құбанбакиева:

- Туысқан, нақты білемін туысқан екенін. Сондай әңгімелер бар ма іште? Ол нақты ғой, нақты ақпарат. Туысқан бұлар.

Ұстаздардың сөзіне сенсек, қазір 6 адам жұмыстан еш себепсіз қуылған. Олар еңбек инспекциясына да, Білім және ғылым министрлігіне де арызданған. «Бірақ әзірге еш нәтиже жоқ», дейді.

Жазира Аймұрзаева:

- Мен өзім Мәскеуден аспирантураны бітіріп келдім. Қазақстанның және Ресейдің техника ғылымдарының кандидатымын. Осы салада жұмыс істегеніме 15 жылға жақындап қалды. Осы уақытқа дейін ешқандай ескерту болған жоқ. Осы келгелі, 1 жылдай болды, осындай жағдай болып кетті.

Амалы таусылған ұстаздар министрден көмек сұрай келген. Ведомство өкілдері «мұғалімдердің мәселесімен енді ғана танысып отырмыз», дейді. Жақын уақытта комиссия құрып, тексеріс жүргізуді уәде етті.

Әділет Тойбаев, ҚР Білім және ғылым министрлігінің департамент директоры:

- Жоғары оқу орнының ресми позициясын қарастырып, арнайы комиссия құрамыз. Егер комиссия шешімі бойынша тексеру жүргізу керек болса, онда Алматы қаласына барамыз.

Ал, басы дауға қалған оқу орны басшылығы «конкурстық комиссия әділ өтті», дейді. Тіпті министрлікке арыздануға барған мұғалімнің бірі «қызметінде қала берсе де болар еді» деп отыр. 

Ғалымжан Әшірбаев, М.Тынышбаев атындағы Көлік және коммуникация академиясының факультет деканы:

- Конкурстық комиссияның шешімі бойынша Құбанбакиеваға теріс шешім шықты. Ал, Аймұрзаеваның ісі қаралып, ол кісіні қаралудан алып тастады. Өйткені ол кісінің құжаттары конкурстық комиссияның талаптарына сай келмеді. Бірақ ол кісі қайта тапсырса болар еді, онысын қолданбады.

Қалай болғанда да, бұл мәселе көп ұзамай шешіледі. Министрлік мамандары ақ-қарасын айырып берер. Мұғалімдер осыған бек сенімді. Егер олардан да қайыр болмаса, ұстаздардың сотқа жүгінуден басқа амалы жоқ.

Авторы: Дастан Сейілханұлы

Хабар 24 телеарнасы