421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Онлайн білім алатын ақтөбелік мұқтаж оқушыларға мектептегі компьютерлер беріледі

  • 313
  • UPD: 19:42, 29.08.2020

Ақтөбе облысындағы мектептерде үш мыңға жуық кезекші сынып жасақталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Енді білім ұясына келіп оқитын балалар үшін қауіпсіздік шаралары күшейтіліп жатыр. Ал онлайн түрде білім алатын мұқтаж оқушыларға  мектептердегі компьютерлер беріледі. Ол жетпесе қосымша ноутбуктар таратылады. 

6 жасар Көркем бірер күннен кейін мектеп табалдырығын аттайды. Бірнеше ай бойы даярлық тобында болып, әріп таныды. Қажетті оқу құралдары мен кітаптарын да алып қойды. Үйде емес, кезекші сыныпта оқитын болады. Баласын мектепке дайындаған ата-анасы осылай шешім қабылдаған. 

Ләйлә Берғалиева, қала тұрғыны:

- Әрине, мектепте оқыған жақсы. Мұғалімдердің қарауында болғаны жақсы. Әр ата-ананы ерке баласы бар. Кейбірі тыңдайды, кебіреулері тыңдамайды. Сабақты дұрыс ұқпайды ата-ана болған соң. Мектепте оқыған жақсы.

Бүгінде облыс мектептерінде үш мыңға жуық кезекші топ жасақталған. Онда негізінен ата-ананың өтініші бойынша бастауыш сынып оқушылары ғана білім алады. Ал шағын жинақты 207 мектепте оқу үрдісі дәстүрлі түрде жалғаса бермек. Бірақ санитарлық талапқа сай әр бала бір партаға отырғызылады және бетперде мен өзге қорғаныш құралдары болуы тиіс. Оқушылардың қауіпсіздігін білім ұясының әкімшілігі де қамтуы қажет.

Айгүл Баймағамбетова, №28 орта мектебінің директоры:

- Оқушылар ата-аналарымен мектепке келеді, мектепке ата-аналар кірмейді. Біздің мектепішілік медбикеміз дене қызуын қарап, сосын журналға жазады. Бюджет қаражатынан антисептик, дизковрик, санитайзер, бактериалды лампалар алып қойдық.

Ләззат Оразбаева, облыстық білім басқармасының басшысы:

- Кезекші сыныптарда аптасына 24 сағат болатын болса, соның 15 сағаты негізгі өз мұғалімдерімен өткізілетін сабақтар. Яғни бір ұстаз – бір сынып принципімен жүргізіледі. Мұндағы 15 сағатта апайлары үш күнге немесе бес күнге қоя алады. Қазіргі таңда кестелері жасалып тұр. Ал қалған екі күнде немесе бір күнде онлайн сабақтар өтеді.

Ал кезекші топтарға келмейтін балалар жоғарғы сынып оқушылары секілді онлайн түрде білім алады. Бірақ өткен оқу жылындағыдай телефон, пошта арқылы емес, мұғаліммен тікелей бейне байланыста өтеді. Сондықтан өңірдегі 402 мектептің қашықтан оқытуға жарамды 12 мыңнан астам компьютері балаларға берілген. Таяу күндері бюджет қаражаты есебінен тағы ноутбук алынады. Дәріс беру негізінен «білім лэнд» электронды платформасы арқылы өтеді.

Арайлым Бақытова, информатика пәнінің мұғалімі:

- Бұл порталда үш деңгейлік тапсырмалар болады. Яғни үш деңгей үш тапсырмадан тұрады. Оқушы сол үш тапсырманы орындау арқылы күнделікті өзінің бағасын балдық жүйеде алып отырады. Сол балдық жүйе автоматты түрде журналға кірістіріледі. Ол балдық жүйе бағасы тоқсандық жүйеге әсер етеді. 

Дегенмен 27 мыңға жуық баланың интернет жылдамдығы төмен аумақта тұратыны анықталып отыр. Бұл мәселені тез арада шешу үшін байланыс операторларына тапсырма берілген.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Айбек Даутов

Хабар 24 телеарнасы