424,85 498,70 5.58
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Жас өнертапқыштар ауыл балаларына арналған жаңа платформаны ойлап тапты

  • 163
  • UPD: 23:40, 31.08.2020

Шалғай ауылдар тұратын оқушылар да қосымша сабақтарды меңгереді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ол үшін аудан орталығына яки қалаға қатынаудың қажеті жоқ. Жас өнертапқыштар жаңа платформа ойлап тапты. Sabaq.Online деп аталады. Іске қосылғанына 10 күннен асқан. Бірден сұранысқа ие болды. Бұл жүйе балаларды неге қызықтырып отыр?

Дастан Сейілханұлы, тілші:

- Ауыл баласы білім қуып қалаға келетін. Әлі де солай. Шалғайда білікті ұстаз да тапшы, қосымша сабақтар жоқтың қасы. Бұл жігіттер осыны көріп өскен. Сөйтіп, тың жүйені әзірлеуді қолға алды. 7 айда жасап шығарды.

Бөгенбай Серікбай, Sabaq.Online жобасының атворы:

- XXI ғасырда тек мектеп білімін алу балаға жеткіліксіз. Ораторлық шеберлік, жылдам оқу, менталды арифметика сынды курстар ауыл-аймақтарда мүлдем жоқ деуге болады. Біздің платформа арқылы сол саладағы үздік ұстаздар сабақ беріп, оқушыларға қолжетімді бағада бере аламыз.

Жаңа платформа он күн бұрын ғана іске қосылған. Соның өзінде кең сұранысқа ие болыпты. Қазір онда алпыстан аса курс бар. Алдағы уақытта олардың саны сөзсіз артады. Бұл жүйе, әсіресе, Ұлттық бірыңғай тест тапсыратын түлектерге тиімді. Сынақта кездесетін сұрақтардың барлығы қамтылған екен.

Бөгенбай Серікбай, Sabaq.Online жобасының атворы:

- Негізгі үш бағыты бар. Біріншісі – бірінші сыныптан тоғызыншы сынапқа дейінгі пәндер. Екіншісі – балаларды дамытатын қосымша сабақтар, үшіншісі – ҰБТ-ға дайындық және НИШ-ке дайындық.

Жоба авторлары екі мыңға жуық сабақ жүктеп үлгерген. Оқушыларға берілетін тапсырмалар әрбір деңгейді өткен сайын күрделеніп отырады. Бұл жүйе білім алушыларға да ыңғайлы, ұстаздарға да тиімді.

Ерасыл Мәдибеков, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі:

- Әрбір бағдарламаны толықтай аяғына дейін үйреніп, одан соң балдық шкала бойынша қандай нәтижеге жеткенін, қандай нәтижеге жетуге болатынын сипаттап, саралауға болады.

Жастар мұнымен тоқтап қалмақ емес. Білім және ғылым министрлігіне хат жазған. «Жаңа жүйені мектеп бағдарламасына енгізсе, құба-құп болар еді», дейді. Бір ғана кемшілігі бар – егер әлгіндей ауылда ғаламтор болмаса, бұл жүйені қолдану әсте мүмкін емес.

Авторлары: Дастан Сейілханұлы, Ермек Кеншінбек

Хабар 24 телеарнасы