421,58 498,90 5.57
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Ақтөбенің төрт мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары бітпей тұр

  • 172
  • UPD: 09:01, 05.09.2020

Соның салдарынан бірінші сыныпқа қабылданған балалардың барлығы да үйден оқуға мәжбүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ал, жергілікті билік өкілдері бұл мәселені толық шешу үшін әлі бірер ай уақыт керегін айтады. Сондықтан да, әзірше кезекші класта оқытуға арыз берген ата-аналардың өтіншін қаралып жатыр.  

Әнуарбек Мырзатайұлы, тілші:

- Отбасының тұңғышы Аружан биыл алты жасқа толып, мектепке баратынын естігенде қатты қуанды. Қажетті оқу құралдары мен кітаптарын да ерте алып қамданыпты. Алайда, әзірге қашықтан оқуға мәжбүр. Себебі, білім ұясындағы жөндеу жұмыстары әлі аяқталмаған. Бұл балаларын кезекші топта оқытуға өтініш берген ата-аналардың наразылығын туғызып отыр.

Шолпан Бисенбаева, ата-ана:

- Бірінші сыныпқа мектепке бару керек қой. Ол қиын. Үйде оқымайды. Қолына қаламды ұстай алмаған бала үйде оқи ма? Соған қиналып тұрмыз. Келін жұмыстан қалып, сол баланың сабағын оқытып отыр.

Елена Шарафан, ата-ана:

- Балаларды қашықтан білім алуға, онлайн оқуға жіберді. Бұған біздің көңіліміз толмай тұр. Қазір бәрі де үйде отыр. Мектептің не екенін түсініп отырған жоқ. Мұғалім, сынып жетекшісі кім? Оны да білмейді. Сондықтан баламен отыру керек. Салдарынан жұмысқа баруды да қойдық.

Ал, мектептің әзір оқушыларды қабылдайтын жағдайы жоқ. Мамыр айында басталған күрделі жөндеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Әрі 40 жылдан астам тарихы бар ғимаратты жаңалауға екі бірдей компания жұмылдырылған. Бірақ жұмыстың қыркүйекте де бітетін сыңайы жоқ. Мектеп директорының айтуынша, құрылысты тезірек аяқтау туралы өтініші тиісті ұйымдардан қолдау таппаған. Ал, кезекші сыныптар үшін таяу уақытта үшінші қабат дайын болмақ. Алайда, әжетханасы мен жуынатын бөлмелері болмайтын мұндай ұсыныс ата-аналарға ұнамай тұр.

Ләззат Тәжібаева, №26 орта мектеп директоры:

- Мен жақын маңдағы мектеп директоры мен қалалық білім бөлімінің басшылығымен сөйлестім. Олар қарсы емес. Тек көрші мектеп түстен кейінгі сағат екіден бастап босайды. Егер ата-аналар бұл ұсынысқа келіссе, онда дүйсенбіден бастап кезекші сыныптарды ұйымдастырамыз.

Қазір Ақтөбеде жөндеу жұмысы әлі бітпеген бірнеше мектеп бар. Мамандардың айтуынша, қазан айына дейін жөндеу жұмыстары аяқталмайды. Себебі, әу баста келісімшарт солай жасалған. «Сондықтан мұндай мектептердегі оқушылар мен олардың ата-аналарына шыдай тұруға тура келеді», дейді білім басқармасындағылар.

Ардақ Сыдықова, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:

- Қазір алты объектіде – мектептерде жұмыстар бітпей тұр. Екі нысанда кезекші топтар қабылдап жұмыс істеп жатыр. Қалған төрт объект бойынша балалар тапсырмаларды алып, оқу процесі жүргізіліп жатыр. Онымен қоса, маңайындағы мектептерде санитарлық талаптарды сақтай отыра, балаларға уақытша білім беру сұрақтарын қарастырылуда.

Жалпылай алғанда, биыл қаладағы жөндеу жұмыстарын қажет ететін мектептерге республикалық бюджеттен екі млрд теңгеден астам қаржы қаралған. Әзірге 30-дан астам нысандағы жұмыс толық аяқталыпты.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы