421,44 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


ШҚО-да оқу басталмай жатып, қашықтан білім алу мәселесі жұртты қажытты

  • 126
  • UPD: 20:43, 08.09.2020

Шығыс Қазақстан облысында оқу жылы басталмай жатып, қашықтан білім алу мәселесі тұрғындарды қажыта бастады. Бір ауылда интернетке қосылу үшін барлығы мектепке жиналса, тағы бір ауылда білім құмар жастар тау-тасты өрмелеп желі ұстайтын жер іздеп кетеді. Жұрт мұндай жағдайларға қарап, білім сапасы туралы бірдеңе айтудың өзі артықтығын алға тартады.

Бұл Қатонқарағайдағы Қайыңды ауылдық мектебі. Бастауыш сыныптың мұғалімі Әсем Құсайынованың шаршы терезеге телмірумен отырғанына біршама уақыт болыпты. Бар тілегі «Күнделік.кз»-ке ену. Сөйтіп, өзіне тапсырылған міндеттерді жылдам тіркеу. Өйткені одан кейін әлі қаншама мұғалім кезек алып қойған.

Әсем Құсайынова, Қайыңды ауылдық мектебінің бастауыш сынып мұғалімі:

- Мұғалімдер Күнделік.кз толтыру үшін кезектесіп келуге мәжбүр болды, үйде болса егер мысалы, оның барлығы күнделік.кз болсын, басқа білім басқа да білім сайттарынан алатын ақпараттардың барлығын үйден алып, сабаққа дайындалуға мүмкіндік болушы еді, егер интернет болса ауылда.

Әлсіз де болса ауыл жұрты тек осы білім ордасындағы интернет желісін місе тұтып жүр. Тіпті онлайн оқуға жіберілген студенттер де осы мектепті жағалайды. Алайда мекемеге артық адам кіруге болмайтындықтан олар кейде есіктен қайтады. Ата-аналар енді сол студенттердің білімі үшін алаңдаулы. Кейбірінің балалары тіпті осы бір қолжетімсіз ғаламтор салдарынан қалаға барып, пәтер жалдап тұруға мәжбүр.

Бағди Смағұлова, Қайыңды ауылының тұрғыны:

- Мұғалімдердің өздері жүгіріп жүреді, сонда біз осы ауылда отырған студенттерді неменемен оқытамыз? Барлығында квартираға жағдайы барлары бар, болмайтындары бар. Ойбай интернет екі жақтан да келе жатыр деген әлі келген жоқ ешқандай интернет.

Ауыл әкімдігі мобильді байланыс оперторларынан қайыр болар деп хат жазып, көмек сұрапты. Бірақ олардың жауабы қысқа да нұсқа болған.

Серікқан Құрманов, Аққайнар ауылдық округінің әкімі:

- Сонда хатымызға мынадай жауап келді: біз ондай жерге орнатамыз 3G тек ғана, тұрғын саны 10 мыңнан асса немесе республикалық трассалар маңына орналасқан ауылдар болса деп.

Ал Қайыңды аталған талаптың екеуіне де жатпайды. Қош делік, Қайыңды осылай шарасыз отырғанда Өскеменнен атшаптырым жердегі Ұлан ауданы Бестерек ауылы да интернет желісіне жарымапты. Ондағы білімпаздар оқу құралдарын арқалап, тау-тасты өрмелеп жүр. Басқа амал қайсы.

Әсем Рахымова, студент:

- Ауылда мүлде сеть ұстамайды, тіпті қоңырау шалудың өзі біз үшін қиындық тудырады. Тау-тасқа шығу керек, биік жаққа шығу керек, биікке шықсақ та ұстамайды. Жалғыз мұнара көрші ауылда бар, оның өзі бізге әрең жетеді. Осылай кітап бәрін алып, тау-тасты аралап жүреміз.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Білім басқармасы болса, оптимистік көзқараста. Олар шалғайдағы 50-ден астам ауылдың интернет желісі жылдамдығын 4 мегабиттен жоғары етеміз деп отыр. Ол үшін 137 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінбек екен. Алайда бұл игілікті ауыл аймақтағы ел қашан игеретіні белгісіз. Ал Қайыңды, Бестерек сынды ауылдарға таулы аймақта тұрғандықтан интернет тарту тіпті қиын көрінеді.

«Қазақтелеком» өкілдері де «мәселеден хабардармыз» дейді. Бестеректіктер интернетке қазан айында қосылады екен. Ал Қайыңдының шаруасы қиындау.  

Ғазинұр Райымханов, өңірлік телекоммуникацияның дирекциясы жергілікті желілер техникалық торабының директоры:

-  Ең алдымен оптиканы Еңбек ауылына дейін тарттық. Сол Еңбектен 4 шақырым жерде осы Қайыңды ауылы тұр. Еңбек ауылында Кейселл базасы да бар. Олар 2G жылдамдығындағы интернетті таратады, әрине бұл тым төмен. Дегенмен, болашақта бұл мәселені бірлесе шешеміз деп ойлаймын.

Сонымен жоғарғы қарқындағы ғаламтормен қамту мәселесі өңірде әлі созбақталып келеді. Ал оқу жылы болса зырылдап өтіп жатыр.

Авторлар: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов

Хабар 24 телеарнасы