420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Еліміздегі қашықтан оқуға арналған платформа қызметін сатуға дайын отыр

  • 101
  • UPD: 20:37, 08.09.2020

Қашықтан оқуға арналған платформалардың тағы бірі OnlineMektep. Ол электронды білім беру саласындағы отандық өнім. Жобаны жасаушылар мектеп бағдарламасын толық қамтығандарын алға тартады. Атап айтқанда, жазғы демалыста 42 пән бойынша сабақтар мен тапсырмаларды дайындап қойыпты. Егер мектептер оны қолдануға ниет танытса арнайы келісім негізінде ақылы түрде қызметін ұсынуға дайын.

OnlineMektep платформасы BilimLand платформасының жаңа функционалы ретінде карантин енгізілген тұста жасалған болатын. Мектептердің кейбірі оны өткен оқу жылының төртінші тоқсанында пайдалана бастады. Ата-ана да соған ыңғайланып, білім берудің сандық жүйесін игерді және қазір де қолданып жатыр. 

Назым Сайранқызы, ата-ана:

- Әркім өзінің баласына сапалы нәрсе іздейді ғой. Тамақтың, киімнің ыңғайлысын. Сол сияқты біз бірінші кезекте сапалы контент іздедік. Мұғалім бізге ұсынады. Ешкім бізді міндеттемейді. Барлығын ұсыныс ретінде айтады және біз қолданып келе жатырмыз. 

Қасымжан Ғалиасқар, оқушы:

- Видеодан қарап сосын тест сұрақтарына жауап беремін. Сосын жазбаша үй жұмысын береді. Ыңғайлы және көмектеседі. 

Оқушының көмектеседі деп меңзеп тұрғаны - міне мынау. Жүйе баланың тапсырманы дұрыс не бұрыс орындағанын бірден экранда көрсетеді. Сабаққа қатысушылар саны, олардың тапсырманы орындау белсенділігін мұғалім бақылай алады. 

Балымгүл Асқарбекова, № 50 мектеп-лицейі математика пәнінің мұғалімі:

- OnlineMektep жүйесі маған ыңғайлы болды. Неге оны таңдадым? Себебі бұл жерде үштік одақпен жұмыс жасауға мүмкіндік туды. Ата-ана, оқушы, мұғалім. Тағы бір маған ұнағаны 10-11 сыныпқа ҰБТ-ға дайындық жүйесі бар. 

Рауан Кенжеханұлы, Bilim Media Group компаниясының директоры:

- Қазір интернетке қосылған мектептер осы жобада істеу үшін бізбен келісім жасасуда. Бір қолданушы үшін оларға белгіленген айлық төлем 100 теңге шамасында. Мектептер бізбен жаңа жылға дейін жұмыс жасауға ниет танытып отыр. Жалпы қолдану уақыты карантиндік ахуалдың алда қалай құбылатындығына қарай өзгеріп отырады. 

OnlineMektep платформасы үшін 42 мектеп пәні бойынша 5700 сабақ дайындалыпты. Оларды жетілдіру және қолданушылар тарапынан анықталған кейбір кемшіліктерді түзету үшін арнайы топ қазір де жұмыс жасауда.

Авторлар: Ердәулет Ыбырайұлы, Аманжол Байғазин

Хабар 24 телеарнасы