420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Мыңдаған ақтөбелік оқушы үшін қашықтан оқу қиындай түсті

  • 154
  • UPD: 20:40, 08.09.2020

Мыңдаған ақтөбелік оқушылар үшін қашықтан білім алу қиындай түсті. Себебі интернет жылдамдығы аз, ал кейбір жерлерде мүлде жоқ. Мұндай мәселе шалғайдағы ауылдарды айтпағанда қала іргесіндегі бірнеше елді мекен мен саяжайларда да бар. Онлайн оқытуға жағдай жасайтын байланыс операторлары жұмысты енді ғана күшейтіпті.

Төрт бірдей оқушы баласы бар Қызғалдақ Еркешова үшін қашықтықтан білім беру жүйесі оңай болмай тұр. Себебі өздері тұратын бау-бақша ұжымы қалаға тиіп тұрса да, мұнда интернеттің жылдамдығы аз. «Білім лэнд» платформасы мен «күнделік.кз» сайтына кіру мұңға айналған. Ал онлайн оқу отбасындағы жалғыз телефонның көмегімен жүреді. Өйткені балалардың бәрін смартфондармен қамтуға жанұяның жағдай жоқ.   

Қызғалдақ Еркешова, қала тұрғыны:

- Төрт бала бір телефонда оқиды. Үлкен балалар телефонмен оқып жатқанда, кішкентай балалар мына тақтаға есеп шығарып оқытам. Жазғызып, өзімше. Көмек мен алдында сұрағанмын: компьютер, ноутбук. маған берген жоқ. Өйткені «сендерде Қазақтелеком деген сияқты, далаком деген сияқты сеть жоқ, сендер қалай оқытасыңдар» деді. Бірақ қиын бір телефонмен. Үлгірмей жатамыз, кейде оқымай қаламыз.

Интернетке қатысты мәселе саяжай аумақтарынан өзге облыс орталығына жақын орналасқан Ақшат, Жаңақоныс, Бекқұл баба және Ақжар ауылдарында да туындаған. Салдарынан 11 мыңнан астам отбасындағы оқушы балалардың онлайн оқуға мүмкіндігі төмен ретінде тізімге алыныпты. Ал мәселені шешу үшін қала бюджетінен 231 млн теңге бөлініп, байланыс операторларына тапсырыс берілген. Алайда бүгінгі күнге дейін интернет желісі жоқ елді мекендер толық қамтыла қоймапты. Ауылдың өзіне жеткенімен әлі үйлердің ішіне кіргізу жұмыстары бар.  

Жұлдыз Шалабаева, қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары:

Ақтөбе қаласының мектептеріне және интернет қажеттілігі туындаған отбасыларға қазіргі таңда 3781 роутер соның ішінде нөмерімен тарифімен роутер таратылды. Мектептің ата-аналарына кеше, бүгінгі күндері беріліп жатыр. Тағы да роутер алынатын болады. Осы раутерлар интернет желісі жүргізуге қиындық туындататын жерлердегі ата-аналардың үйлеріне берілетін болады.

Білім бөлімі мамандарының айтуынша, қашықтан оқуы қиындаған оқушылар білімсіз қалып жатқан жоқ. Үй тапсырмалары курьерлік қызмет арқылы жеткізілуде. Бұл мәселе ата-аналар мен ардагер ұстаздарды да алаңдата бастаған.   

Ақжеңіс Жаналина, ҚР Білім беру ісінің үздігі, ардагер ұстаз:

- Қашықтан оқытудың әлде де жетілдіретін тұстары өте көп деп ойлаймын. Себебі мұғалімнің қолында интерактивті құрал неме компьютерлік қондырғылар болғаныменен, олар балалардың барлығында бірдей, отбасыларында бола бермеуі мүмкін. Сондықтан да мұндай мәселелерге аса мән беру қажет сияқты.

Жалпылай алғанда, қазір қала бойынша 87 мыңнан астам оқушы бар. Оның ішінде тек бастауыш кластарда ғана кезекті сыныптар жасақталған. Қалғандарының барлығы онлайн білім алуда.

Авторлар: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болат Молдағалиев

Хабар 24 телеарнасы