420,76 499,50 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қашықтан оқудың қияметі. Отандық платформаны қолдануға итермелеудің артында кім тұр?

  • 139
  • UPD: 22:52, 08.09.2020

«Қазақстанда кей мұғалімдердің компьютерлік сауаттылығы жоғары емес. Соның салдарынан онлайн сабаққа кедергі келтіріп, бөгет жасайтындар көбейген». Білім және ғылым вице-министрі Рүстем Биғаридің бүгін жасаған мәлімдемесі осындай. Бұған дейін «оқу жылына тас-түйін дайынбыз» деген министрлік өкілдері жүйедегі олқылықтар үшін енді ұстаздарды кінәлады. Мұндайға неліктен жол берілді?

Вице-министрдің мұғалімдерді кінәлауына онлайн сабақтарға қатысты шулы ақпарат легі түрткі болды. Ұстаздардың білім беру платформаларын дұрыс игере алмауының салдарынан интернет әлеміндегі киберқылмыскерлер арам пиғылдарын жүзеге асырып жатыр. Сабақ беру процесі кезінде бейәдеп бейнелер көрсетіліп, балалардың психологиясына зиян келтірілуде. 

Рүстем Биғари, ҚР Білім және ғылым вице-министрі:

- Мұндай жағдайлардың енді қайталанбауын қадағалайтын боламыз. Білім және ғылым министрлігі тағы бір мәрте мұғалімдерге онлайн платформаларды қолдану ережесін түсіндіріп, жадынама таратады. Әр өңірдегі білім басқармаларының үйлестірушілері де қосымша түсіндірме жұмыстарын жүргізеді. Бізде базалық талаптар мүлтіксіз орындалуы тиіс. Тек отандық платформаларды қолдануымыз керек.

Мұғалімдерге онлайн білім беру процесін 13 платформада жүргізуге болады. Бәрі де отандық. Бірақ шетелдік жүйеге жүгінетіндер де аз емес. Киберсала өкілдері соның ішінде бірнешеуін қауіпті деп атады.

Олжас Сатиев, киберқауіпсіздік саласы бойынша сарапшы:

- ZOOM платформасына кез келген адам қосыла алады. Онлайн сабақтың сілтемесі жіберілген кезде онымен бірге құпия сандар да келеді. Одан әрі сілтеме қанша адамға таратылса, сонша адам онлайн сабаққа кіреді. Мұны оқушылардың өзі де жасай алады. Немесе жүйедегі теріс пиғылдылар өз пайдасына қолданады. 

Елордадағы 60-мектеп-лицей болса, өзіндік жүйені қолданады. Бастысы, қауіпсіздігіне алаңдамайды. Оқушылардың жеке аккаунты бар. Сол арқылы ғана онлайн-сабаққа қатыса алады.

Сансызбай Байжанов, №60 Мектеп-лицей директорының орынбасары:

- Оқушыларға корпоративті аккаунт істедік. Ата-аналарды оқытар алдында мұғалімдермен кездесу жасадық. Бізде оншақты информатик бар. Біреуіне 10-15 мұғалімнен келеді.

Қалай дегенмен, онлайн оқытуда әлі де болса олқылық көп. Жауапты министрлік бірнеше ортақ платформаны ұсынғанымен соларды қолданатын мұғалімдердің дайындығы әлсіз. Осы олқылықтың салдарынан бүгін отандық сайттарда «оқушылар порнографиялық видео көрді» деген ақпарат тағы да тарады.

Авторлар: Рауан Мыңбаев, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы