432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстандық мамандар ақылды бағдарлама ойлап тапты

  • 361
  • UPD: 23:11, 17.09.2020

Марғұланның жобасы өте қызық. Анығырақ айтсақ, үйде отырып сынақ тапсырған студент көшірсе немесе алаяқтық жасаса, ақылды платформа жүйесі тез анықтайды.

Ал сынақ тапсырушының орнына басқа адам отырса, қызыл түспен дабыл белгісін қосады. Жоба авторлары 4 оқу орнымен келісім жасап, сынақты адал тапсырмаған 300 студентті анықтаған.

Марғұлан Ермек, KDA акселерациялық бағдарламасына қатысушы:

– Веб-сайт және құжаттардың ашылуын, басқа адамдардың отырғанын, басын бұрғанын, жұмыс орнынан кеткенін, сөйлегенін және т.б. есептерді көре аламыз. Біз нарықтағы жеңіл, әрі арзан жүйені ұсынып жатырмыз.

Акселерациялық бағдарлама Марғұлан сияқты жастардың халықаралық нарыққа шығып, өз өнімін ұсынуына мүмкіндік жасайды. Мысалы, тіл үйрету, сауда және білім беру платформалары сұранысқа ие. Холдинг басшыларының айтуынша, заманауи ойлайтын білімді жастардан IT-жобалар көп түскен. 178 өтінімнен 10 жоба таңдалып, іске асып жатыр.

Әділ Нұрғожин, «Бәйтерек» ҰБХ басқарушы директоры:

– Біздің сингапурлық серіктес 3 жыл ішінде бағдарламаға 2 млн доллар инвестиция салуда. Жақын арада біз KDA қатысатын стартаптарды Астана халықаралық қаржы орталығына тіркеуді жоспарлап отырмыз. Акселерациялық бағдарламаға қатысушылар 50 мың АҚШ доллары көлемінде инвестиция алады.

Холдинг қазір АҚШ пен Сингапурдағы 2 ірі инвестициялық венчурлық компаниямен жұмыс істейді. Негізгі мақсат – қазақстандық стартапты насихаттау. Ал жоба жетекшілері халықаралық сарапшылардан білім алады.

Авторлары: Ақсәуле Байменшина, Ерлан Наурызбаев

Хабар 24 телеарнасы