432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қашықтан оқу: психологтар қандай кеңес береді?

  • 281
  • UPD: 22:05, 18.09.2020

Қашықтан оқу ең алдымен балалардың қауіпсіздігі үшін маңызды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бірақ үйден білім алудың техникалық, коммуникациялық қиындығынан бөлек, жүйкеге салар салмағы да бар. Басталғанына үш апта өтсе де, онлайн оқуға бейімделе алмай, жүйкесі сыр берген ата-аналар мен оқушылардың түрлі жазбасы әлеуметтік желіде жиі кездеседі. Мұндай жағдайда психолог мамандар қандай кеңес береді?

Алуа Маханбет, тілші:

- Інісін оқыту міндеті мойнына жүктелген бейтаныс бүлдіршіннің мына дауысы езу тартқызғанмен, жүректі ауыртар шындықты аңғартады. Ата-анасы жұмыста, естияр бала өз сабағымен қатар інісін оқытуға мәжбүр. Рас, бастауыш оқушылары үшін кезекші сыныптар ашылды. Бірақ оған бәрі бірдей бара алмайды.

Шарзия Мақұлбаева, бастауыш сынып мұғалімі:

- Сабақ түсіндіру барысында мұғалім берген тапсырманы мұғаліммен бірге орындайды. Ал материалды бекіту барысында өз бетімен орындау керек. Кейбір балалар өздері орындай алады, ал өз өздеріне сенімсіз балалар, әрине, ата-анасының көмегіне жүрігінеді.

Ұстаздың талабы – онлайн сабақта тапсырманы бала өз бетінше, ешкімнің көмегінсіз орындауы керек. Мектепке ата-анасыз барған тәрізді. Алайда, жаңартылған білім бағдарламасының қиындығын ескерсек, оқытушы һәм оқушы жеткіншектің жанайқайын түсінуге болады.

Анастасия Бабыч, ата-ана:

- Үй тапсырмасын кешкі сағат 20:00-ге дейін жіберіп үлгеру керек. Ал, мұндай уақытта көптеген ата-аналар жұмыстан енді келеді. Балаға да психоэмоционалдық тұрғыдан оңай емес. Үйде отырған баланың сабақ үстінде  тамақ жегісі келеді, «су ішемін» дейді, әйтеуір сылтауы көбейеді. Ал, анасы төбесінен төніп тұрады. Сонымен, кешке ата-ананың да, баланың жүйкесі сыр бере бастайды.

Жаңа оқу жылы басталғалы бері психологтардың көмегіне жүгінгендердің саны артқан. Олар онлайн оқудың әдісін үйрене алмай, әбігерге түскендер.

Жұлдыз Махатаева, педагог-психолог:

- Паникаға салыну барысында қарапайым, қолыңызды уқалаңыз немесе жылы жерге барыңыз немесе жылы ораныңыз немесе тәтті жылы су ішіңіз. Тыныс алу техникалары өте жақсы көмектеседі. Оны қарапайым барлық адамдар жасай беруіне болды.

Қазіргі уақытта күйзеліске түскен ата-аналар мен оқушыларға психологиялық көмек беретін республикалық сайт жұмыс істеуде. Онда тәжірибелі мамандар онлайн көмек көрсетеді. Олардың айтуы бойынша бүгінгі ата-аналарға заман талабына бейімделуге тура келеді. Себебі, қашықтықтан білім алу ең алдымен балаларымыздың денсаулығы үшін маңызды. Ал, ұлт болашағы – дені  сау ұрпақ.

Авторлары: Алуа Маханбет, Гүлжан Көленқызы,  Валентин Лобанов

Хабар 24 телеарнасы