427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Шымкенттегі барлық мектептерде кезекші сыныптар ашылды

  • 253
  • UPD: 21:40, 21.09.2020

Қазір шаһарда 3500 сынып жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл бастапқы жоспардан әлдеқайда артық.

Білім басқармасының мамандары «сабақты мектепте оқимын деушілердің қатары күн санап артып келеді» дейді. Ал шағын сыныптардың барлығына бірдей ұстаздар жеткілікті ме?

Шымкенттегі мектептер қазір тек бастауыш класс оқушыларын қабылдайды. Сабақ кестесі әдеттегідей болғанымен, әрбір бөлмеде 15 баладан ғана оқиды. Халық саны миллионнан асатын мегаполис үшін бұл сирек құбылыс. Бірақ санитарлық талап осындай.

Маржан Сақ, оқушы:

- Маған бірінші сыныпқа барған ұйнайды. Мен сабақ оқығанды ұнатамын. Өскенде мен білімді болам, достарым көп болады. Сабақты үйімізде де орындаймыз. Өйткені біз білімді болуымыз керек.

№45 гимназияға тек бірінші класс оқушыларын қабылдауға рұқсат берілген. Ережеге сәйкес әрбір партада тек бір оқушыдан жайғасты. Әрдайым арақашықтық сақтау маңызды. Күрделі кезеңдегі жаңа талаптарға мұғалімдер де үйренісіп келеді.

Роза Байтілесова, №45 мектептің мұғалімі:

- Сыныптың өзін екі топқа бөліп оқытамыз. 15 оқушыдан бөліп, екі ауысымда оқып жатыр. Кезекші сыныпта балалар барлық карантиндік талапқа сай мектепке келуде және өз білімдерін алуда.

Белгілі болғандай, ата-аналар балаларын онлайн оқытқаннан гөрі мектепке беруге ынталы болған. Бұны ескерген қалалық білім басқармасының өкілдері де алғашқыда мыңдаған кезекші сыныптар ашуға дайын бопты. Алайда, оқу ордасына келгісі келетіндердің саны күткен көрсеткіштен де көп болған. Сәйкесінше, білім беретін мұғалімдер де қажет, Әзірге бұл мәселе ұстаздың жалақысына үстемеақы қосумен шешілген.

Жанат Тәжиева, Шымкент қалалық білім басқармасының басшысы:

- Ол кісілерге қосымша ақы төленіп жатыр, екі бөліп оқытқандары үшін. Ал кейбір мектептерде мұғалімнің өзінің денсаулығы жарамайтын жағдайда, өзінің өтінішінің негізінде басқа мұғалімдерге бастауыш сыныптың балалары екі топқа бөлініп білім берілуде. Талаптар әрине, Білім басқармасының тарапынан да қатаң қадағалануда.

Мамандар кезекші сыныптар әлі де жасақталуы мүмкін екенін жасырмайды. Себебі, мектепте оқуға ынта білдіргендердің қатары аз емес көрінеді. Бірақ бұл тұста білім ұясының жағдайы басты назарға алынбақ. Ал, қалада биыл тек бірінші сыныптың өзіне 200 бала қабылдаған мектептер де бар. Бірақ ондай мекемелер бастауыш сынып оқушыларын толық қамти алмайтыны анық.

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Катерина Попкова, Нұрманах Мұсатов

Хабар 24 телеарнасы