427,88 501,70 5.49
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматы облысы Балқаш ауданында балалар телеарнадан білім алуға мәжбүр

  • 148
  • UPD: 23:19, 29.09.2020

Алматы облысының Балқаш ауданындағы 2 мыңнан аса бала телеарна арқылы білім алуға мәжбүр. Өйткені аймақтағы елді мекендерде интернет жылдамдығы баяу. Қарой және Көктал сынды ауылдарда ғаламтор желісі ғана емес, телефон байланысы да нашар екен.  

Анасы баласына сабақ оқытып отыр. 

Айман Нұрахметова төрт баланың анасы. Оның екеуі бастауышта, қалғаны жоғары сыныптарда оқиды. Телеарна арқылы білім алып жатқан оқушылар қашықтан оқудың өзіндік қиындығы бар екен.  

Әділжан Айдарұлы, оқушы:

- Онлайн кішкене қиындау. Мектепте жақсырақ. Апайларымыз түсіндіреді. Мұнда түсіндірмейді, қиындау болады. Интернет жоқ. Интернетсіз қиын. Кейбір тапсырмаларды интернеттен ізде деп тұрады ғой. Соларды іздеу қиын болады. Ал оларды орындамасаң апайлар «екі» қояды. 

Айман Нұрахметова, Қарой ауылының тұрғыны:

- Телевизордан жарты сағаттан оқимыз, оны телефонға түсірсек түсірдік. Оны саралаймыз. Одан апайлар сабақ береді. Оны жазып оқимыз. Интернет болса өзіміз ары қарай қарап,  интернетке кіріп, сабағымызды орындайтын едік. 

Қарой ауылындағы мектепке қазір бірінші сыныптағылар ғана барады. Олардың өздері бірнеше топқа бөлінген.  

Индира Дәрібай,  үлгілі орта мектебінің директоры: 

- Бірінші сыныптың 36 оқушысы үш топқа бөлініп, негізгі пәндерден білім алып жатыр. Барлық талаптарды сақтай отырып, білім алып жатыр. Қалған 361 оқушымыз «Балапан» телеарнасы арқылы оқытылып жатыр. Бізге интернет керек. Қашықтан оқуға керек деп жатыр. Биыл қараша айында бізге интернет келеді деген сөз бар. Соған сеніп отырмыз.

Ақкөл ауылында интернет байланысы бар. Бірақ жылдамдығы секундына 4 мегабайт ғана. Сондықтан қалыпты жағдайда оқып жатқан оқушылар арнайы жасақталған сыныптардағы техниканың бар мүмкіндігін пайдалана алмай отыр. 

Кәмилә Сәрсенбаева, Ақкөл орта мектебінің директоры:

- Қазіргі заман – ақпараттық заман. Мектебімізде әр компьютерге шаққанда 1,5 баладан келеді. Мектепте 5 интерактивті тақта, 3 модификациялық кабинет бар, мултьимедианы қосқанда сол интерактивті тақталардың барылғының толыққанды жұмыс істеу үшін интернет керек. Оның үстіне қазір біз екі жыл болды күнделік кезекпен жұмыс жасаймыз.  Сондықтан интернет 100 процент керек. 

Айман Аймухамбет,Балқаш аудандық білім бөлімінің басшысы:

- Мүлдем интернет жоқ ауыл деп айта алмаймыз. Интернет байланысы төмендеу. Интернет байланысын жоғарылатамыз деген жоспар бар. Қазір Ақкөл, Балатопар ауылына дейін оптоволокон тартып жатыр. Биыл 2020 жылдың желтоқсан айының соңына дейін барлық жаққа интернет қосып береміз деген Телекомның жоспарында тұр.

Балқаш ауданында 5 мыңнан аса оқушы бар. Солардың тең жартысы интернет байланысының нашарлығынан телеарна арқылы білім алып жатыр. 

Шыңғыс Қалиден, Гүлнәр Жантасова, Қуаныш Түргенбаев

Хабар 24 телеарнасы