428,68 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Профессор қазақстандық вакцинаның құпиясымен бөлісті

  • 150
  • UPD: 20:50, 29.09.2020

Алматыда Фтизиопульмонология ұлттық ғылыми орталығында коронавирусқа қарсы отандық вакцина клиникалық сынақтан өткізіліп жатыр.

Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының мамандары ойлап тапқан вакцина QAZCovid-in деп аталады. Бұл сынақ жайлы барлық ақпарат әзірге құпия. Алайда біздің тілшілер сынақ бағдарламасының басшысы, профессор Берік Хайруллин мырзамен кездесіп, кейбір ақпараттарға қол жеткізді.

Коронавирус инфекциясына қарсы QAZCovid-in  отандық вакцинасы өз еркімен келіскен адамдарға сынала бастады. Ең алғаш болып, отандық вакцинаны осыдан 7 күн бұрын 18 бен 50 жас аралығындағы 44 ерікті салдырған. Ал бүгін олар алғаш қан талдауларын өткізді. Нәтиже жаман емес.

Берік Хайруллин, QAZCOVID-IN екпесін клиникалық сынақтан өткізу бағдарламасының жетекшісі, профессор:

- COVID-19-ға қарсы біздің алғашқы отандық вакцина толығымен қауіпсіз және зиянсыз екенін білдік. Зерттеу барысында адам денсаулығына ешқандай кері әсері  байқалмады.

QAZCovid-in инактивтелген вакциналар қатарына жатады. Оның құрамында вирустық ақуыздар болғанымен вирустардың өзі химиялық тәсілмен  жойылған. Бұл патогендер ауру тудырмайды, бірақ адам ағзасындағы иммундық жүйе оларды танып біліп, қарсы тұруға дайын болады. Яғни антиденелер шығарады. Инактивтелген  иммунды-биологиялық препараттарды өндіру технологиясы оңай. Және оларды  жылдам әрі көп көлемде жасап шығаруға болады, дейді ғалымдар. Қазақстандық вакцина бұдан бұрын зертхана жануарларына, оның ішінде маймылдарға да салынды. Ал тамызда екпені ойлап тапқан 7 ғалым оны өздеріне салдырды.

Берік Хайруллин, QAZCOVID-IN екпесін клиникалық сынақтан өткізу бағдарламасының жетекшісі, профессор:

- Алдағы уақытта клиникалық зерттеудің екінші кезеңі болады.  Бірінші кезеңде біз қауіпсіздік және иммундық мәселеге ден қойдық. Екінші кезең иммунногенді және қауіпсіздікке бағытталған. Оған 200 ерікті қатысады деп жоспарлап отырмыз.

QAZCovid-in вакцинасын салдырған соң шамамен 20 күннен кейін мықты иммунитет қалыптасады екен. Енді оның ұзақтығы зерттеледі. Екпені салдыратын  еріктілердің денсаулығында ешқандай кінәрат болмауы керек.

Берік Хайруллин, QAZCOVID-IN екпесін клиникалық сынақтан өткізу бағдарламасының жетекшісі, профессор:

- Жаппай екпе жасау үшін алдымен ол тіркеуден өту керек. Қазір біз зерттеудің үшінші кезеңін қарастырып жатырмыз. Ол инфекцияның өршіген уақытында, яғни ауру көбейген кезде жасалу керек. Екінші кезеңнің нәтижелері жақсы шықса, біз де өзге елдер сияқты толыққанды зерттеу жүргізуге қол жеткіземіз деп ойлаймын.

Ғалымның  айтуынша, коронавирусқа қарсы отандық вакцинаны сынақтан өткізу кестеге сай жүргізілуде. Ал жаппай егуге бұл препарат  келер жылдың басында дайын болады.

Екпе егу қалай жүргізіледі және оның құны қанша болады? Ең бастысы, елімізде алғашқы болып ресейлік СПУТНИК V вакцинасы қолданысқа енгізіле ме  әлде отандық QAZCovid-in салынады ма оны денсаулық сақтау министрлігі шешеді.

Алуа Маханбет, Григорий Беденко, Нұрдәулет Жақсыбай

Хабар 24 телеарнасы