427,93 501,70 5.55
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Алматыда 82 жастағы зейнеткер мұғалім YouTube арқылы сабақ беріп жүр

  • 167
  • UPD: 23:22, 29.09.2020

82 жастағы алматылық Райхан Нұрсейітова «Ютубтан» арна ашып, мектеп оқушыларына орыс тілінен сабақ өткізеді. Қазір оның виртуалды сыныбында 38 оқушы бар. Олардың қатары күн санап артып келеді.

Зейнеткердің айтуынша, онлайн-сабақтар қашықтан оқу барысында өте маңызды. 

- Здравствуйте, дети! Тема сегодняшнего урока: «Двойные гласные буквы» 

Бұл Райхан Нұрсейітованың алтыншы виртуалды сабағы. Ол барлық сабақтарын осы шағын бөлмеде таспалайды. Бұл жерде сыныпқа қажетті барлық жабдықтар бар: тақта, бор, оқулықтар. Тек оқушылар жоқ. Олар экранның ар жағында. Онлайн-сабақтар Ютуб-арнаға жүктеледі. 

Райхан Нұрсейітова, ардагер-ұстаз:

- Орыс тілін үйрену қиын болып жүрген балаларға көмектесу көптен бері ойымда жүр еді. Қолжетімді формада, кез келген тақырыпты түсінікті жеткізу арманым болатын. Соңында балаларым сабақтарыңды бейнекамераға түсірейік деді. Онлайн сабақтар ыңғайлы. Оқушы кез келген уақытта қажет тақырыпты тауып алып, менімен бірге дайындалады. 

Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы Райхан апай жарты ғасырға жуық мектепте білім берген.  Зейнет жасында болса да әлі өскелең ұрпақты оқытып келеді. Бұл менің сүйікті ісім дейді Райхан апай. Ұстаз жылдар бойы жинаған тәжірибесінің арқасында пән тақырыптарын түсінікті жеткізеді.

Райхан Нұрсейітова, ардагер-ұстаз:

- Мәселен, зат есімді алайық. Бұл тақырыпқа баланы қалай қызықтыруға болады? Сыныпқа кіргеннен бастап баланың назарын жаңа тақырыпқа аудару қажет. Мен кіре сала «Балалар менің артымнан зат есімдер келді. Олар қайда? Қане маған зат есімдерді айтыңдаршы» деймін. Олар заттардың атын айта бастайды. Сабақ баланың есінде қалады. 

Райхан апайдың сабағы 8 минуттан аспайды. Бұл тақырыпты меңгеруге жеткілікті уақыт дейді ол. Ал сабақтан бос уақытында Райхан Нұрсейітова кесте тігумен айналысады. Бұл өнерін де балалармен бөліспек ниеті бар. Сондықтан Ютубта жаңа шығармашылық жоба дайындауда.  

Гүлжан Көленқызы, Асем Кощегулова, Радик Джакупов

Хабар 24 телеарнасы