429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Қазақстанда алғаш рет «Central Asia Nobel Fest Live» атты Нобель онлайн-фестивалі өтеді

  • 283
  • UPD: 02:25, 02.10.2020

Қазанның алғашқы төрт күнінде «Central Asia Nobel Fest Live» атты Қазақстандағы алғашқы онлайн Нобель фестивалі өтеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Оған әлемнің 30 елінен, 120 университеттен мыңдаған адам қатысады. Арасында Нобель сыйлығының иегерлері, ғалымдар мен студенттер болады.

«Шексіз ғылым: әлем қайда бара жатыр?» Онлайн-фестивальдің басты тақырыбы осылай аталады. Мұнда адами капиталдың болашағы, әлемді өзгертіп жатқан технологиялар, медицина мен ғылымның жаңа қырлары және экономикалық ахуал талқыланады. Жиында Нобель сыйлығының лауреаттары және әлемдік деңгейдегі ғалымдар сөз алады.

Мақсат Курбенов, инклюзивті даму қорының директоры:

– Нобель фестивалін бір рет қана өткізумен ештеңені өзгерте алмаймыз. Мақсатымыз – бұл іс-шараны осы аймақта мүмкіндігінше жиі ұйымдастыру әрі әрбір адамға қолжетімді ету. Әлемдегі ең мықты ғалымдар Орталық Азия елдеріндегі ізденушілерге бір апта уақытын арнайды. Бұл үлкен мүмкіндік және тәжірибе.

Онлайн-фестивальге әлемнің 35 елінен, 120 университеттің өкілі қатысады. Қазірдің өзінде 3 мың адам тіркеуден өткен. Ғылыми жиынға елдегі іргелі оқу орындарының басшылары да қолдау білдіріп белсенді қатысып жатыр.

Дария Қожамжарова, М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры:

– Ғылым 21-ғасырдағы ең түйткілді мәселе болып табылады. Қазіргі таңда ғылыми болжамдар, қойған ғылыми мақсаттарымыз елдің экономикасының артуына әсер ететін бірден бір жағдайлар болып табылады. Нобель сыйлығының лауреттарының басын қосуы Қазақстан үшін, Нұр-Сұлтан үшін қажет.

Ғылыми симпозиум төрт күнге созылады. Осы уақыт ішінде қатысушылар 30-дан астам пікірсайыстарды және 10 жеке әңгімелер мен сұхбаттарды тегін көре алады. Онлайн эфир бір уақытта үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде өтеді.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа, Асхат Қарақойшиев

Хабар 24 телеарнасы