432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қарағанды облысында үздік мүғалімдер марапатталды

  • 204
  • UPD: 10:00, 04.10.2020

Шәкірттерін білімге баулып, еліміздің ағарту саласына өлшеусіз еңбек сіңіріп жүрген мұғалімдерді осынау мереке күндері құттықтаушылар көп. Мысалы, Қарағанды облысында 5 бірдей мұғалім миллионер атанды. Ұзақ жыл тер төккен ұстаздарға ақшалай сыйлық беріліп, «Қарағанды облысының құрметті педагогы» төсбелгісі табысталды. Кәсіби мерекеде өңірдегі өзге мұғалімдер де марапатсыз қалған жоқ.

Қазақ руханиятына қалтықсыз қызмет етіп келе жатқан өнер қайраткері Жақсыкелді Кемаловты көпшілік күміс көмей әнші ретінде таниды. Ал оның соңғы 25 жыл ішінде 50-ге жуық шәкірт тәрбиелегенін бірі білсе, бірі біле бермес. Ұлағатты ұстаздың алдын көрген жас өнерпаздар бүгінде талай додаларда топ жарып, ел абыройын асқақтатып жүр. 

Жақсыкелді Кемалов, Тәттімбет атындағы өнер колледжінің ұстазы:

- Алып та анадан туады демекші, кімде болса ұстаздың алдынан өтеді ғой. Сол ұстаздың алғашқы үйреткен шарасымен әрі қарай ісін жалғастырады. Біз оларды тек ғана әнші болу емес, оларға ертеңгі күні өздері де қалай сабақ беруді үйретеміз. Бізден оқып шыққан балалардың арқасында қазір мектеп-мектептердің барлығында осы ән үйрету сабағы жүріп отыр. 

Жақсыкелді Кемаловтың ұзақ жылғы еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Ұстаздардың кәсіби мерекесі қарсаңында 1 миллион теңге ақшалай жүлде алды. Сонымен қатар биыл бірінші рет тағайындалған «Қарағанды облысының құрметті педагогы» төсбелгісімен марапатталды. Бұндай сый-сияпат 5 бірдей ұстазға берілді. Оларды арнайы комиссия ашық дауыс беру арқылы 73 адамның арасынан іріктеп алған.

Алма Біләлова, Жезқазған қаласындағы №8 мектеп гимназияның мұғалімі:

- Қазіргі уақытта білім саласына, мұғалімнің мәртебесін көтеруге өте көп іс-шаралар өтіп жатыр, соған қуаныштымыз. 1983 жылдан бері ұстаздық етіп келемін. Өте керемет жетістікке жеткен балаларым бар. Жан-жақта, бүкіл Қазақстанда, шет елде де өте көп оқушыларым бар. Солармен мен мақтанамын.  

Қазіргі күні Қарағанды облысында барлығы 504 мектеп болса, онда 19 мыңға жуық мұғалім еңбек етіп жатыр. Солардың арасынан ерен еңбегімен көзге түскен 14 ұстаз «Үздік педагог» байқауында жеңімпаз атанды. Карантиндік шектеулерге байланысты марапаттау шарасы онлайн жүйесінде өтіп, жүлделері жұмыс орнына жеткізілді.

Ардақ Асылханұлы, Сайлау Игіліков, Аслан Демесбаев

Хабар 24 телеарнасы