428,68 501,70 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Үздік педагог атанған атыраулық мұғалімнің шәкірттері талай жарыста топ жарған

  • 203
  • UPD: 10:03, 04.10.2020

Жаһандағы кез келген құбылыс физика заңдарына бағынады. Ал ол заңдарды әрине мектептегі ұстаздар баланың зердесіне дұрыс құя білуі тиіс. Биылғы жылдың үздік педагогы атанған физика пәнінің мұғалімі Арнұр Қазыбеков осылай дейді. Жас маман оқушыларын түрлі деңгейдегі жарыстарда 109 рет жеңіске жетеледі.  Ұстаздың жетістігінің сыры неде?

Кезекті сабағын ағылшын тілінде дыбыстап жатқан физика пәнінің мұғалімі Арнұр Қазыбеков. Ұстаздық еткен 6 жылдың ішінде дайындаған оқушылары 16 халықаралық, 41 республикалық және облыс деңгейіндегі 52 жарыста жеңімпаз атанған. Халықаралық  білім сайыстарында жұлдызы жанған оқушылардың бірі Атырау «Білім-Инновация» лицейінің 10-сынып оқушысы Алпамыс Ризабек.

Алпамыс  Ризабек, 10-сынып оқушысы:

- Жетінші сыныптан бастап, физика олимпиадасына кіргеннен кейін ол маған үлкен қолдау көрсетті. Және бұл қолдау арқылы мен олимпиадалардан жеңімпаз атандым. Оның үздік педагог мәртебесіне ие болғанына мен мақтанамын.

Жезқазған мектебінің түлегі, алтын медаль иегері мұғалімдік оқуды таңдағанда көбі таңқалған еді. Содан бері он жылдай өтті. Арнұр Қазыбеков таңдау жасауда жаңылмағанын дәлелдеп келе жатыр.  

Арнұр Қазыбеков, «Үздік ұстаз 2020» атағын иеленуші:

– Физика деген ол құрғақ теория, есеп, формула. Адамдардың ойына келетіні осы да физика туралы. Мен болсам оны басқаша көрсеткім келеді. Физика - ол формула, есеп емес. Физика – ол табиғатты тану, заңдары қалай жұмыс істейді табиғаттың, үйлесім әлемдегі. Соны әдемі, терең жағынан көрсеткім келеді физиканы.

Осы бір қағиданы ұстанған жас маман сабақ беруде медиатехнологияны тиімді қолдануды жөн санайды. Мұғалім өзінің дәрістерін ресейлік  Хан академия форматында  әзірлеп, YouTube каналына жүктейді. Бұның еш қиындығы жоқ: Компьютер экранындағы жазу функциясымен дәрісті дыбыстаса жеткілікті. 

Арнұр Қазыбеков, «Үздік ұстаз 2020» атағын иеленуші:

- Өзім Атырау білім-инновация лицейінде сабақ бердім ғой. Сол жердегі балаларымның айтқаны «ағай, Хан академиядан гөрі сіздің айтқаныңыз бізге түсініктірек» деп айтты.  Осы балалардың айтқан пікірі маған одан сайын мотивация берді. Сол мотивацияның арқасында мен өткен жылдың төртінші тоқсандағы барлық сабақтарымды ютуб каналыма жүктеп, түсіріп тастадым. 

Ұстаздық еткен жалықпас үйретуден балаға. Осындай ұстанымдағы ұстаздың өзі де үнемі ізденіс үстінде. 6 жылдағы еңбегі еш кетпеді. Лайықты марапатын алды. 

– Үздік педагог төсбелгісімен және мың айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі ақшалай сыйақымен Атырау қаласының білім инновация лицей-интернатының физика пәні мұғалімі Қазыбеков Арнұр Маратбекұлы марапатталады. 

Күндердің күнінде қазақстандық білім брендке айналады.  Бұған кәміл сенетін ұстаз өзі де биік мақсаттарға ұмтылады. Алдағы бес жылда PhD оқуына түсіп, кәсіби біліктілігімді арттырсам дейді. Ал оған дейін жас ұстаз тағы бір сынға түскелі тұр. Арнұр Қазыбеков Қазақстанның атынан халықаралық Teacher Prize байқауында бағын сынайды. 

Авторлар: Бақыт Топтаева, Ержан Рахманберді

Хабар 24 телеарнасы