432,64 506,00 5.46
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Атырауда 300 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді

  • 197
  • UPD: 19:22, 09.10.2020

Ұстаздар мерекесіне орай Атырау қаласында тағы бір білім ошағы пайдалануға берілді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жұмыскер ауылындағы тозығы жеткен көне мектеп 300 орындық білім ордасымен алмастырылды.

Жалпы мұнайлы шаһарда 4 мектеп кеңейтіліп, қосымша 480 оқушыны қабылдауға мүмкіндік алады. Бұл өз кезегінде облыс орталығында 3 ауысымды оқу жүйесін жоюға ықпал етеді.

1965 жылы пайдалануға берілген Ғани Мұратбаев атындағы орта мектеп ғимаратының осыдан бірнеше жыл бұрын апаттық жағдайда екені анықталған еді. 160 орындық шағын білім ордасын бұзып, орнына замануи мектеп салу үшін былтыр облыстық бюджеттен 340 млн теңге бөлінген болатын.

Серік Мұсағалиев, қала тұрғыны:

- Бұрынғы мектебіміз ескі, апаттық жағдайда болды. Мынау – заманауи салынып жатқан мектеп қой. Құтты болсын. Тұғыры биік болсын. Сапалы тәрбие, саналы білім берсін деп айтқымыз келеді ұстаздарға.

Мектеп құрылысы аяқталғанға дейін білім ордасындағы 67 мұғалім мен 700-ге жуық оқушы уақытша басқа мектептерде оқуға мәжбүр болған. Енді олар заманауи құрылғылармен жабдықталған жаңа мектепте білімдерін шыңдайды.

Бибігүл Бақтығалиқызы, мектеп директоры:

- Облыс әкімінің қолдауымен біздің мектебімізге осындай жаңа мектеп ғимараты табыс етілуде. Біздер барлық ауыл тұрғындарының атынан, ата-аналар жұртшылығының атынан, педагог қызметкерлер атынан және оқушылар атынан алғысымызды білдіреміз.

Екі қабатты мектеп ғимараты физика, химия зертханалары, акт залдар мен алаңдар, асхана, Stem-кабинеттерімен жабдықталған. Сондай-ақ қала мектептеріндегі орын тапшылығын шешу мақсатында «Самал» ықшам ауданында 600 және Берекеде 1200 орындық жаңа мектеп жыл аяғына дейін пайдалануға берілетін болады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Темірлан Сұлтанғазиев

Хабар 24 телеарнасы