429,59 501,70 5.61
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ


Зиянсыз антисептик ойлап тапқан отандық ғалым қолдауға зәру

  • 151
  • UPD: 21:07, 08.10.2020

Әлемді коронавирус жайпап келеді. Ал зиянсыз санитайзер ойлап тапқан қазақстандық ғалым қолдауға зәру. Маржан Досмағамбетова ауаны залалсыздандырудың оңтайлы жолын біледі. Тағамдық қышқыл негізінде жасалған спрей адам ағзасына зиянын тигізбейді. Ауадағы вирустарды өлтіреді. Дегенмен, 15 түрлі құралды патенттеп, өндіріске шығарған ғалым қиындыққа тап болды. Қаржының жетіспеушілігінен зертханалық сынақ жүргізетін цехын жауып тастаған. 

Бір қарағанда бұл қарапайым қолға себетін антисептикалық құрал боп көрінуі мүмкін. Бірақ бұл санитайзердің ерекшелігі  - мұның құрамында спирт жоқ. Алма қышқылының негізінде жасалған. Және бұны қолға сеппейді. Мұнымен үйге кірерде былай сеуіп-сеуіп алсаңыз, үстіңізді толығымен залалсыздандырасыз.

Бұл ғалым әрі технолог Маржан Досмағамбетованың ойлап шығарған құралы. Вирустың ауамен таралатынын ескерген ол, ауаны тазалаудың жолын ойластыра бастайды. 70 проценттік спирті бар санитайзердің тиімділігі көпке аян. Бірақ онымен жабық кеңістікті тазарту мүмкін емес. Адам ағзасына зиян. 

Маржан  Досмағамбетова, ғалым-технолог:

- Себебі тыныс алуымызды қиындатады және аллергия береді. Ал енді қышқылдық орта, біз тағамға пайдаланатын қышқылдар, сүт қышқылы, алма қышқылы, шарап қышқылы, қышқылдардың түрі көп қой. Онда рН 1 мен 2-нің ортасында болады. Бұл пищевой қышқылдар деп айтады ғой, сондықтан олар ағзаға өте зиянды емес.

Ауаны залалсыздандыратын спрей таяуда өндіріске шығады. Ғалымның технологиясын қолдаған ресейлік инвестор Алматыда арнайы цех ашқалы жатыр. 100 мл спрейдің өзіндік құны шамамен 10 теңге. Пластик құтыны қоса есептегенде 100 теңгеден асады. Айта кетерлігі, бұл Маржан Досмағамбетованың шығарған жалғыз өнімі емес. Таяуда медициналық университеттің студентімен бірге балалар мекемесіне арналған дезинфекциялық құралды патенттеді.

Райгүл  Рысқали, медициналық университетінің студенті:

- Жалғыз өзім емес, туған-туыстар, таныстарға да сынаққа бердік. Бәріде позитивный отзыв, ну положительный отзыв айтып жатыр. Ары қарай инвестор табылып жатса, қолдау табылып жатса шығаруға болады. 

Бұған дейін ғалым бірнеше рет қаржылық грант алуға тырысқан. Бірақ мұнысынан ешнәрсе шықпады. Ақыры тауы шағылған ол, қажыр-қайраты мен қаржысын бұл іске ендігәрі жұмсамаймын деп шешті.  

Маржан  Досмағамбетова, ғалым-технолог:

- Өндірісті қолға алу үшін ең біріншіден химикаттар керек. Химикаттар арзан тұрмайды. Мысалы, мына препараттың құрамында небәрі 10 процент химикат, бірақ 10 процент болғанымен 8-9 түрлі препарат қосылады. Сондықтан 8-9 препараттың әрқайсысынан 200 литрден сатып алу керек. Кем дегенде. 

Пандемия кезінде дезинфекциялық құралдарға сұраныстың артқаны рас. Бұл тұста ғалымның зерттеу жүргізетін цехты жауып, қондырғыларды сатқаны қынжылтады. Өйткені дәл осы зертханада 15 түрлі құралды ойлап тауып, патенттеген еді. Енді зертханасы жоқ ғалым, шәкірт тәрбиелесем дейді. Алайда бірлесіп тәжірибе жүргізетін орын болмаса, бұның қалай іске асары белгісіз.  

Бақыт Топтаева, Асланбек Шығыр, Наурыз Базаров

Хабар 24 телеарнасы